«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Өңірімізге іссапармен келген Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова жергілікті депутаттармен және облыстық қоғамдық кеңестің өкілдерімен кездесті. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада өткен алқалы жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік” Жолдауын талқылауға арналды.

Жиынды ашқан облыстық мәслихаттың хатшысы Владимир Бубенко Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында негізгі бес басымдыққа аса мән берілгенін, олардың бәріне де азаматтық қоғамның қатысы бар екенін тілге тиек етті.

Бұдан кейін сөз алған Азаматтық қоғам істері комитетінің төрайымы Әлия Ғалымова өткен жылдың қыркүйек айында құрылған министрлік өз қызметін үш бағытта жүргізіп отырғанын, солардың бірі – елімізде азаматтық қоғамның рөлін күшейту екенін айтты.

– Үкіметтік емес ұйымдар – мемлекеттің әлеуметтік мәселелерді шешудегі және азаматтық бастамаларды жандандырудағы сенімді әріптесі. Тәуелсіздік жылдарында елімізде азаматтық форумдар, әлеуметтік жобалар жәрмеңкелері, бейресми кездесулер тәрізді әріптестіктің оң тәжірибесі қалыптасты. Мәселен, былтыр елордада өткен VII Азаматтық форумда 400-ге жуық делегат пен 10 мемлекеттік органның арасында ынтымақтастық орнады. 2015 жылы үкіметтік емес ұйымдармен мемлекеттің өзара іс-қимылын дамыту жөніндегі 2016-2020 жылдарға арналған ұлттық жоспар қабылданды, – деді ол.

Жалпы, соңғы 10 жыл ішінде елімізде тіркелген үкіметтік емес ұйымдар саны 3 есеге өсіп, 18 мыңға жетіпті. Бүгінде олар өз қатарына 28 мыңнан астам адамды біріктіріп отыр.

2006 жылдан бері мемлекеттік әлеуметтік инвестиция көлемі 13 есеге артып, 8,9 миллиард теңгені құраған. Содан бері 14 мыңнан астам жоба іске асырылыпты.

Үстіміздегі жылдан бастап табысты жұмыс істеген үкіметтік емес ұйымдарға 2 мың АЕК көлеміндегі арнайы сыйақы тағайындалмақ. Бұл бастаманы жүзеге асыруға Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы 612 миллион теңге бөліпті. Алайда, комитет төрайымы алдымен тіркелгенмен жұмысын жолға қоя алмай отырған үкіметтік емес ұйымдардың мәселесін шешу керектігін алға тартты. Ел бойынша бүгінде олардың саны 9 мыңнан асады. “Үшінші сектордың басым бөлігінің жұмысы нашар ұйымдастырылған. Оны осыдан екі жыл бұрын құрылған “Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорынан” байқадық. Үшінші сектордың әлеуеті мен мүмкіндіктерін айқындайтын бұл ақпараттар дерекқорында 2,5 мың ұйымның ғана жұмысы көрсетілген. Үкіметтік емес ұйымдар бұл жобаға міндетті түрде тіркелулері тиіс. Өйткені, гранттар мен сыйақылар деректер базасына тіркелмеген ұйымдарға берілмейді”, – деді Әлия Қайратқызы.

Бүгінде мемлекет пен азаматтық сектордың арасында жүйелі де тиімді диалог алаңдарын құру жайы өзекті болып тұр. Бұл мәселе Азаматтық форумдар мен жергілікті қоғамдық кеңестердің жиындарында жиі көтерілуде. Осы орайда үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында қоғамдық кеңестердің бірінші республикалық мәжілісі ұйымдастырылмақ. Бүгінде елімізде 227 қоғамдық кеңес жұмыс істейді.

Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp