«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЗАПТЫ ЖЫЛДАР ЕСКЕРТКІШІ

Өңірде ұлт тарихын түгендеуде маңызы бар бір шара өтті. Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылынан үш шақырымдай жерде ескерткіш тас орнатылды. Бұл маңда 1929-1934 жылдары «Байқала» уақытша шоғырландыру лагері болған. Осыған дейін «АЛЖИР», «Карлаг» сынды жазалау лагерьлерінің қасіретін естіп келсек, енді мәлім болып жатқан «Байқаланың» да тартқызған азабы аз емес екен.

Тарихтан тағылым берер шараның басы-қасында болған облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, өлкетанушы Дәстен Баймұқановтың айтуынша, Төңкеріс ауданының (қазіргі Шал ақын, Тимирязев, Жамбыл аудандарының аумағы) байлары, болыстары, билері, асқан бай болмаса да тізімге іліккендер бала-шағасымен бірге осы лагерьге тоғытылған.

Лагерьдегілер өлместің күнін кешкен. Куәгерлердің айтуларынша, бір ғана «Байқала» концлагерінде әр маусым сайын 200-500-дей отбасы тұтқында ұсталған. 1930 жылдың қысында аштықтан көз жұмған адамдардың мүрделері үлкен орларға көміле салған. Жазықсыз жапа шеккен отбасыларға арналған ескерткіштің ашылу салтанатына тарихшылар, лагерьге қамалғандардың ұрпақтары, осы маңдағы ауыл тұрғындары жиналды.

– Еліміздің тарихында бұл кезең қасіретті беттердің бірі болып қалды. Ашаршылық, қуғын-сүргін, зорлық-зомбылық – барлығы сол жылдардың көрінісі. Бүгін біз сол құрбандардың рухына тағзым етіп, олардың есімін мәңгі есте сақтау үшін осы мемориалдық тасты ашып отырмыз. Бұл тас жай ғана белгі емес. Ол өткеннен сабақ ала отырып, болашақта осы қасіреттің қайталанбауы үшін қажет. Бұл ел тарихының шындығын жасырмай, келер ұрпаққа жеткізудің бір көрінісі, – деді Тимирязев ауданының әкімі Ерлан Жаров.

Астанадан арнайы келген республикалық «Қаһармандар» қоғамдық қорының президенті Сабыр Қасымов үшін де бұл жер аса маңызды. Себебі атасы Қасым дүние-мүлкі тәркіленіп жер аударылады да, әжесі Мағрипа балаларымен осы лагерьге қамалады. Екі баласы қызылшадан осы жерде қайтыс болып, қалғандарын аман сақтау үшін күзетшілерге ақша төлеп түнделете Омбыға қашады. Бірақ жолда тағы да ана жүрегі қарс айырылып, сұрқия саясаттың шеңгелінен тек екі баласын ғана аман алып шығады.

– Біз репрессия жылдарында қазақ отбасы көрген трагедияны, адам шығынын іргелі зерттеген жоқпыз. Әсіресе жазықсыз қырылған балалардың санын әлі күнге дейін анықтай алмай отырмыз. Бұл жер – қайғы мен қасіреттің көз жасы сіңген мекен. Лагерьде байлардың отбасы мүшелері тамақсыз, ешқандай жағдайсыз қамауда болғанымен, олардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз, – деді Сабыр Қасымов.

Жергілікті тарихшылар зобалаң жылдарда халық тартқан қасіреттің ауқымын баяндап, ойланбай жасалған саясаттың кесірінен қазақ жерінде жайылған 45 млн. малдың ақыр соңында 4 млн.-дайы ғана қалғанын айтты. Бұның соңы ашаршылыққа ұласқаны белгілі.

Маңызды шараға келгендердің бірі – Серік Байқуанышев. Оның әкесі Зағыпар «Байқалаға» бала күнінде қамалған. Атасы Байқуаныш Төрежанұлы 1930 жылы кәмпескеленіп, әжесі Жәмила, балалары Баязит, Зағыпар, Нұрмұқандармен бірге осында әкелінеді. Зағыпар ол кезде тоғыз жастағы бала екен. Жан-жақтан жиналған жұрттың жағдайын ешкім ойламайды. Тамақ берілмейді. Көрші ауылдардан көмек сұрап күн көреді. Күзге қарай отбасы мүшелері қашып шығып, Түмен облысына жетеді. Әкесі Зағыпар елге тек 1958 жылы ғана оралған екен.

Өлкетанушы Дәстен Баймұқанов «Байқала» жайлы 1972 жылы алғаш рет естіген. Кейін тоқсаныншы жылдары Жарқын ауылының тумасы Жағыпар Бәкебаев деген ақсақал тарихтың бұл көлеңкелі тұсына жарық түсіреді. Себебі кеңес үкіметі лагерьді жапқаннан кейін оның орнына тауық фермасын ашқан екен. Сондықтан жергілікті тұрғындар бұл жерді ферманың орны ретінде ғана біледі.

– Қазақ халқының басынан небір нәубеттер өткені, мыңдаған азаматтардың жазықсыз жазаланып, қудаланып, атылып кеткені белгілі. Еске түссе, сананы сансыратып жіберетін сол зұлматты кезеңдердің бірі – шаш ал десе бас алатын кәмпескелеу науқаны. Оның адам жанына ауыр сызат түсіретін іздері Солтүстік Қазақстан облысының аумағында да сайрап жатыр. «Байқала» концлагерінің орнына жазықсыз жапа шеккен отбасыларға арнап ескерткіш белгі орнату – көптен бергі арманым еді. Ешкім сырттан келіп тарихымызды түгендеп бермейді. Ескі күнде есі кетіп, еңірегенде етегі жасқа толған бабалардың аруағы риза болсын десек, оларды атаусыз қалдырмаған жөн, – деді салтанатты шарада сөз сөйлеген Дәстен Баймұқанов.

Маңызды шара тарих қойнауынан сыр шертер бір шындықтың бетін ашқандай болды. Олай дейтінім, жиналған қауымға лагерь болған аумаққа экскурсия ұйымдастырылды. Әсіресе ел арасында «Киелі бәйтерек» атанып кеткен алты бәйтерекке қызығушылық зор болды. Аңызға сенсек, баяғы заманда Самай руына жататын Сүмбіле деген ананың алты баласы соғыста қаза тауыпты. Алты ұлын жоқтап үш күн жылаған ананың көзі көл болып ағады. Сол жас тамған жерге алты бәйтерек өсіп шыққан. Бұл да «мың өліп, мың тірілген» қазақтың аңыз болып өрілген тағы бір шындығы іспетті.

Шара барысында тоталитарлық режімнің жазықсыз құрбандарына дұға оқылып, ас берілді. Сонымен қатар «Байқала» концлагері» деген кітаптың тұсаукесері болып, жиналған қауымға таратылды.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суреттерді түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp