Армысың асқақ, аспандай нұрлы, ізгі күн,
Қауышып тағы, құшақты жайдық біз бүгін.
Егемендіктің ұстатқан мәңгі тізгінін,
Айналдым сенен, айбарлы Тәуелсіздігім!
Іргелес болып, ірілермен теңелген күнім,
Ғаламның барша озығы елеген бүгін.
Бақытым жанып, құйылған төбеден нұрым,
Армысың асқақ, айбынды Егемендігім!
Қуатың қандай, қасиетті, сәнді күніміз,
Кемеңгер бастап, бақытпен жанды нұрымыз.
Жасампаз салған сара жолменен жүретін,
Баянды болғай, тәуелсіз Мәңгілігіміз!
Кезіміз келді үздікпен теңдесер бүгін,
(Ұмтылыс болмай ұсына қояр төрді кім?!).
Қазақтың атын ғаламға тегіс танытқан
Ардақтым сенсің, аңсарлы дербес елдігім!
Жиырма үш жылыңды балаумен дастан-аңызға,
Тәуелсіздікпен ту тігіп Астанамызға,
Болашаққа бастар Нұрлы Жол таңдап алынып,
Қиыннан енді қаймығып, жасқанамыз ба?!
Ғаламның осы тамсантып небір үздігін,
«Мәңгілік Ел» деп таныламыз ғой біз бүгін.
Ата-бабамның жүздеген жылғы арманы –
Айналдым сенен, айбарлы Тәуелсіздігім!
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.