Алашқа ардақты аналардың бірі, Шоқан Уәлихановты тәрбиелеп, өңірдің қоғамдық-саяси жағдайына ықпал еткен Айғаным ханшаның өмірі әркімге қызық. Бұл ретте жергілікті архивтің ағайынға сүйінші жаңалығы бар. Санкт-Петербургтегі Ресей мемлекеттік тарихи мұражайынан Айғанымға тікелей қатысты онға жуық тарихи деректің көшірмесі әкелінді. Еліміздегі мұрағаттарда Айғаным жайлы құжаттар мүлде сақталмағанын ескерсек, бұл біз үшін үлкен олжа. Шоқанның әжесінің есімі кей жерлерде “Айханша Абылаева” деп көрсетілген. Бұл тарихтан белгілі Айғаным есімінің бүгінгі күнге өзгертіліп жеткенінің көрінісі болуы да мүмкін.
– Құжаттар ішінде Айғанымның Орта жүзге қыстау мен өзіне қоныс салу керектігін сұрап, Петропавл комендантына, кейін Ресей сыртқы істер министрінің Азия департаментіне 1823 жылы жолдаған хаттары бар. “Аю тас” деген топырағы құнарлы, шөбі шүйгін жерді сұраған ханымның хатына “Бұл жерге Ресейден қоныс аударушылар көшіп келеді, өзіне басқа жерді таңдасын”, – деген жауап келіпті. Кейін халқын жинап, құрылтай өткізген Айғанымның таңдауы Көкшетау уезіндегі Сырымбет жеріне түскен, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова.
Ресейден араға бірнеше ғасыр салып жеткен бұл құжат жергілікті тарихшылардың біраз деректерді қайта зерттеп, зерделеуіне жол ашпақ.
Ақбөпе ТӘҢІРБЕРГЕН.