Елордадағы ұлттық музейде Солтүстік Қазақстан өңіріндегі Алаш қозғалысына арналған екі ғылыми еңбектің тұсаукесері өтті. Жиынға қоғам және мемлекет қайраткерлері, мәдениет саласының өкілдері мен ғалымдар қатысып, Алашорда тарихы мен Алаш зиялыларының қоғамдық- саяси қызметі туралы сөз қозғады.
«ХХ ғасыр басындағы Солтүстік Қазақстан: Алаш зиялыларының қоғамдық-саяси қызметі» (авторлары А. Ибраева, С.Мәлікова, З.Тайшыбай) атты монографиялық еңбекте Алаш қозғалысының тарихи маңыздылығы, Алаш саяси партиясының және Алашорда үкіметінің Солтүстік Қазақстандағы қоғамдық-саяси қызметі, рухани мұрасы жайында құнды мәліметтер берілген. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ел азаттығын аңсауы, күрескерлік деңгейге көтерілуі нақты деректік материалдармен, мысалдармен пайымдалған. Туынды авторлары Алаш қайраткерлерінің қызметін, олардың қилы тағдырын, қуғын-сүргінге ұшыраған кездегі тергеу істерін тарихи фактілер негізінде әсерлі жеткізген.
«Алаш жолы – еліміздің Тәуелсіздігіне қызмет ететін рухани мұра, қасиетті де әлеуетті күш. Ел еңсесін тіктейтін, жастарды жасампаздыққа жетелейтін, қалың қауымды ынтымаққа бастайтын, халық бойындағы имандылықты еселейтін құндылық. Қос туынды кітапхана сөрелеріне жеткізіліп, оқырмандардың ұлт тарихына деген сүйіспеншілігін оятады деп сенеміз», – дейді облыстық мемлекеттік архивтің директоры Сәуле Мәлікова.
Тұсауы кесілген екінші – «Қазақстанның Солтүстік өңіріндегі Алаш қозғалысы мұрағат деректерінде» (авторлары А.Ибраева, С.Мәлікова, З.Тайшыбай, А.Темірханова) мұрағаттық құжаттар және материалдар жинағы облыстық мемлекеттік архивтің, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы архив қорларының материалдары негізінде құрастырылған.
Іс-шара аясында музейдің ғылыми қызметкері Данияр Дүйсенбай Алаш қайраткері Әлти Көкенұлының атақонысын зерттеу негізінде қазақтың үй салу дәстүрін жаңғырту мақсатында жүргізілген ғылыми- зерттеу жұмыстары туралы баяндама жасап, Алаш мұрасын зерттеу және насихаттау ісінде археологияның үлесіне тоқталды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».