«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ МҰРАТЫНЫҢ ЖАРШЫСЫ

Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясында “Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып Күн болған” ақын, ағартушы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына орай конференция ұйымдастырылды. Қысқа ғұмырында әдебиеттің бірнеше жанрында қалам тербеп, қазақ халқының азаттығы жолында талмай күрескен ақынның мұрасы шараның басты тақырыбына айналды.

Көрнекті қаламгер Ақжар ауданындағы Айсары ауылынан он шақырым жердегі Сазбауыр елді мекенінде дүниеге келіп, алты жасқа толғанша осы жерде әжесінің тәрбиесінде болған. Содан кейін әкесінің ықпалымен Павлодар облысындағы Торайғыр кентіне қоныс аударып, медреседе білім алып, ақындыққа ден қояды. Ол жастайынан оқу мен білімді мақсат етті, жоқшылық қолын байласа да, арманына жетуден күдер үзбеді. Қаламгер аз ғана өмірінде тындырымды шығармашылық еңбекпен шұғылданды. Жиында “Денім сау болса тағдырдың, көкке ұшырам күлдерін” деп жігерленген ақынның бірнеше өлеңін шәкірттер ерекше тебіреніспен оқып берді.

“Өзім сүйсем, кімде айып,

Күн өткізем мұңайып”, – деп жібектей есілген жылы сезімді, әсіре қызылы жоқ шындықты әйел затының жан сұлулығына табына білген ақын ғана айта алса керек. Жиналған қауым ақынның осы сияқты нәзік шумақтармен өрілген, сезімнің қылын шертетін лирикалық өлеңдеріне қанықты. Конференцияда “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы” мекемесінің тарих бойынша әдіскері Денис Виноградов, Ақжар аудандық білім бөлімінің мамандары мен кітапханашылар төбе көрсетіп, “Алаш идеясының жаршысы армандап кеткен жер, су, тіл, дін, тарих сияқты құн­ды­лықтарды баян­ды ету қазақ жастарының асыл арманы болуы керек” деп ой түйді. Қазақ мектеп-гимназиясының шәкірттері мен №2 мектептің оқушылары ақын шығармаларын жатқа айтып, жиналған қауымды тәнті етті.

Үміт қып менен қарайсың,

Көңіліңе медеу санайсың.

Балалыққа жарасам,

Аталыққа жарайсың, – деп жырлаған ақын ұлтқа қызмет етудің жасқа қарамайтынын өлеңдері арқылы айтып кетті. Жиналған қонақтарға, оқушыларға тағылымға толы ой түйгізген шараны ұйымдастыруға мектеп директоры Ержан Каментиков пен кітапханашы Жұпаргүл Ахмедьянованың қосқан үлесін атап өткен жөн.

Жарқынай УАЖАНОВА,

Уәлиханов аудандық білім бөлімі кітап қорының әдіскері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp