Облыс полицейлері «Hi-Tech» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында кешенді жұмыстар жүргізуде. Бұл іс-шараның мақсаты Интернет арқылы жасалатын қылмыстармен күресу болып табылады. Киберқылмыстарды ашу жөніндегі мамандандырылған жедел-тергеу тобының жұмысы күшейтілді. Соның нәтижесінде бұрын жасалған алты интернет-алаяқтық ашылды. Үш күдіктіні ұстау үшін криминалдық полиция қызметкерлері Нұр-Сұлтан, Екібастұз және Павлодар қалаларына іссапарға барды. Белгілі бір қаражат сомасына қажетті құжаттарды жылдам алуға көмектесетіні туралы хабарландыру орналастырған елорда тұрғыны ұсталды. Мәселені оңай жолмен шешпекші болған петропавлдық азамат алаяққа 77 мың теңге аударған, ақшаны қолына түсірген «қызмет көрсетуші» байланысқа мүлдем шықпаған.
Тағы бір қылмыс «ізі суымай» ашылды. Петропавл қаласының тұрғыны полицияға ірі банктердің бірі өзінің ресімдемеген несиесі бойынша 100 мың теңге көлеміндегі төлемді талап етіп жатқаны туралы арызбен жүгінген. Криминалдық полиция қызметкерлері әйелдің құжаттары мен банк картасын несие алу үшін пайдаланған оның 22 жасар ұлын анықтады.
– Соңғы кезде виртуалды алаяқтар түрлі әдістерді пайдалану арқылы жеке мәліметтер мен банк деректемелеріне қол жеткізуде, – дейді облыстық криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов. – Қолға түскен ақпарат арқылы қаскөйлер жәбірленушілердің атына несие ресімдейді. Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шара барысында жұмысқа орналасуға жалған көмек көрсету бойынша үш факті анықталды. Алаяқтар медициналық анықтаманы жылдам ресімдеуге ақша сұраған немесе банк картасының деректемелерін алдап қолға түсіруге тырысқан.
Бұдан бөлек, тауарларды сату туралы екі жалған хабарландыру анықталды. Заңға қайшы контентпен отыздан астам ресурстың сілтемелері құзыретті органдарға бұғаттау үшін жіберілді. Әлеуметтік желілерде тәртіп сақшылары Интернетте күмәнді келісім жасаудан аулақ болу, жеке және қаржы мәліметтерін, құпиясөздерді ешкімге бермеу, ақшаны жіберуге қатысты кез-келген мәліметті егжей-тегжейлі тексеру сияқты кеңестермен жадынамаларды орналастырды.