«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАЯҚТАР АЙЫЛЫН ЖИЯР ЕМЕС

Өңірде интернет алаяқтардан зардап шегушілер саны азаяр емес. Алдын алу жұмыстары жүргізілгенімен биылғы он айда осы қылмысқа қатысты 606 дерек тіркелген.

Көліктегі полиция департа­менті Петропавл станциясын­дағы желілік полиция бөлімінің мәліметінше, былтыр өңір тұр­ғындары интернет алаяқтардан 577,5 млн. теңге шамасында шы­ғын шексе, биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 660 млн. 330 мың теңгелерінен айырылған. Полицияға күнде 5 адам өзін интернет алаяқтар­дың ал­дағандығы туралы ай­тып хабарласа­ды екен.

“Біз жуырда Оңтүстік-Орал темір жолы Петропавл бөлім­ше­сі жұмысшыларымен кезде­сіп, алаяқтар жиі қолданатын тә­сіл­дер жайында айтып, түсін­дір­дік. Содай-ақ пойыздарда жо­лау­шы­лармен кездесіп, буклет­тер тараттық”, – дейді бөлімнің же­дел уәкілі Азамат Раев.

Маманның айтуынша, ер адамдар көп жағдайда “Kole­sa.kz” сайтында жарияланған жалған хабарландырулар арқы­лы алаяқтарға жем болып жа­тады. Сондай-ақ оларға “банк­тің қауіпсіздік қызметінен” ха­бар­­ласатындар көп. Әйелдер кө­біне әлеуметтік желі арқылы сауда жасап, алданады. Ал жас­тарды, студенттерді курьер-дроп­пер бо­луға тартады.

Қазан айының басында Пет­ропавлдың 63 жастағы тұрғы­нына белгісіз адам хабарласып, өзін “Ұлттық банктің қызмет­кері­мін” деп таныстырған. Қала тұр­ғынының атына 3 млн. теңге не­сие ресімделгенін, алаяқтар ол ақ­шаны ала алмау үшін “Хоп­ту­деск” қосымшасын жүктеу қа­жет­тігін айтқан. Зейнеткер нұс­қау­ларға сүйене отырып, бағ­дар­ла­маны ұялы телефонға жүк­тейді. Біраздан кейін оның шотындағы 740 мың теңге ақша жо­ғалған.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp