Нұрлан ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы “Зекет” қорының СҚО бойынша өкілі.
Жаратушы Хақ әр пендесіне әртүрлі тағдыр береді. Қазақ мұндайда “Пешенеңе жазылғаны солай” деп жатады. Құдай тағала тағдырды солай жазды, біз көндік. Дегенмен, он сегіз мың ғаламның иесі ешкімнің несібесін жемек емес. Әркімге өзіне лайықты кәсіп береді. Сол кәсібі арқылы нәсібін жеткізеді. Біздің жұртта “байлық баққа бітеді” деген сөз бар. Дұрыс шығар. Бірақ ол байлықты беріп отырған Жаратушы ие екенін әсте естен шығармау қажет.
Талай байшыкешті көріп жүрміз. Айналасына мейірім-шапағаты кем, жомарттығы өзінен аспайтын адамдар қай жерде де бар. Дей тұрғанмен, жұрттың бәрі сондай деуден аулақпыз. Себебі, байлығын басып емес, шашып жейтін де жігіттер жетеді қазақта. Біздің өңірдегі сондай азаматтардың бірі – Мамлют ауданындағы “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің бас директоры Еркебұлан Мәмбетов. Ұйымдастырушылық қабілеті мол, тәжірибелі басшы еліміз егемендік алған алғашқы жылдары өзі директор болып істеген “Меңгесер” кеңшарын жекешелендіріп алған еді. Бір қоғамдық құрылымнан екінші қоғамдық құрылымға ауысуы тұсындағы барлық қиыншылықты жеңе білген Еркебұлан Нұрмағанбетұлы өзінің біліктілігінің арқасында шаруасын дөңгелетіп әкетті. Егіншілікпен бірге мал шаруашылығын қоса дамытқан серіктестік қазір облыстағы озық та үлгі тұтарлық құрылымдардың біріне айналды.
“Жемесе де май жақсы, бермесе де бай жақсы” дегендей, алғашында осы серіктестікке қарасты Меңгесер мен Бексейіт ауылдарының тұрғындары “басқа жақтардағыдай Еркебұлан Мәмбетов те шаруасын істеп, бір тиын да бермей алдап кетпесе жарар еді” дескен еді. Бірақ адал азамат олай істемеді, халықтың хақын жемеді. Айлық жалақыларын дер кезінде төлеп отырады, қажет болған жағдайда көмегін аямайды.
Ең бастысы – аталмыш ауылдарда тұрып жатқан адамдардың табысты еңбек етіп, қалыпты тұрмыс құруы үшін қолдан келген жағдайын жасады. Соның айғағы – серіктестікке қарасты ауылдарда мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін шағын орталықтарға арналған ғимараттар салып, аудандық білім бөлімі иелігіне тегін берді. Бұрынғы көмектерін айтпағанда, биыл ғана Меңгесер және Бексейіт мектептеріне, шағын орталықтарды, кітапхананы және Мәдениет үйін күтіп ұстауға, жиһаздарын жаңартуға, бүлдіршіндер мен оқушыларды тамақтандыруға, қарияларға қамқорлық жасауға, ауыл шаруашылығы күніне арналған сабантойға, концерттер ұйымдастыруға, спорттық шараларға барлығы – 2,6 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған.
Серіктестік жұмысшыларының алаңсыз қызмет істеуі үшін олардың отбасыларына үнемі жағдай жасалды. Биыл екі ауыл тұрғындарына жалақылары есебінен 10,7 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері, яғни астық, жем, шөп, сабан, жарма берілген.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, Еркебұлан Нұрмағанбетұлы өңірімізде ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларына да белсене атсалысады. Олай дейтінім, биыл Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған “Зекет” қайырымдылық қорына қомақты қаржы – 700 мың теңге аударды.
Еркебұлан Мәмбетовтің осындай игі істері ескерусіз қалып жатқан жоқ. Оған жуырда Астанадағы “Қазақстан” орталық концерт залында “Білім меценаты – 2012” байқауы қорытындысына орай “Болашаққа қамқорлық” аталымы бойынша күміс медаль салтанатты түрде тапсырылып, есімі “Меценаттың Алтын кітабына” жазылды. Бұл оның ерен еңбегіне, әрдайым жасап жүрген қамқорлығына берілген әділ баға деп білеміз.
“Зекет” қорына қомақты қаржы – жарты миллион теңге аударған Аққайың ауданындағы “Полтавское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Елтай Зікіриннің де халыққа жасап отырған қамқорлық көмегін ауыз толтыра айтуға болады. Серіктестікте соңғы бес жылда ғана қайырымдылық шараларына 25,6 миллион теңге қаржы жұмсалған екен.
Қайырымдылық шараларының ішінде – Полтавка және Лесные поляны ауылдық мектептерін жөндеуге, осы оқу орындарына баратын жолдарды дұрыстауға, оқушыларды ақысыз тамақтандыруға, Мәдениет үйі мен спортзалды қалыпқа келтіруге, спорт жарыстарына жүлделер тағайындауға, “Алтын тойларға”, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің мерейтойларын өткізуге, бақилық болғандарын жерлеуге қаржы бөлу және басқа да көмектер бар.
Зекет ғибадаты – әркімнің Алла тағала берген ырыздыққа, байлыққа деген шүкіршілігі. Зекет беру адамды өзімшілдіктен, сараңдықтан, дүниеқорлықтан, тәкаппарлықтан сақтап, кішіпейілділікке, жомарттыққа, кеңпейілділікке баулиды. Осыны дұрыс түсінген бірқатар жерлестеріміз, атап айтар болсақ, Қызылжардағы “Есіл” мейрамханасы мен “Рүстем” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директорлары Бекет Рақымов пен Мұратбек Омаров, нотариус Дина Тайжанова, Жақсылық Ысқақов, Сәлима қажы Балтабаева, Болат Есмағанбетов, Амантай Әнуарбекұлы, Зәуреш Досанова және басқалары шама-шарқынша “Зекет” қорына ақша аударады.
Еліміз егемендік алғалы дінімізге, ділімізге еркіндік беріліп, ислам дініне бет бұрушылар саны барған сайын артып келеді. Осыған орай, қалаларда да, елді мекендерде де Құдайға құлшылық үйлері – мешіттер мен намазханалар салу үрдісі кең қанат жайды. Алайда, халыққа асыл дінімізді уағыздап жеткізетін имамдар мен молдалардың көпшілігі жалақысыз еңбек етуде, ғимараттарды күтіп ұстауға, жөндеуге қаржы жоқ. Осы проблемаларды біртіндеп шешу үшін ҚМДБ “Зекет” қорын құрып отыр. Сондай-ақ оның мақсаты – тұрмысы нашар отбасыларға, жетім-жесірлерге, кембағал адамдарға қаржылай көмектесу. Сондықтан әрбір кәсіпкер, өңіріміздің әрбір тұрғыны осы игі іске атсалысады деп ойлаймын. “Зекет” қорының есепшотын тағы да естеріңізге салайын:
Северо-Казахстанский областной филиал религиозного объединения “Духовное управление мусульман Казахстана”.
Кызылжарская центральная мечеть
РНН 481400047413
Код 18
ИИК KZ308560000005303898
БИК KCJBKZKX
ПФ АО Банк Центр Кредит
Тел.: 50-23-73; 8-701-363-82-21.