Облыс орталығында өңірлік банк жүйесінің ұжымдары арасында шағын футболдан дәстүрлі турнир басталды. Бір аптаға созылатын спорттық шара өткен жылы автокөлік апатынан қаза тапқан банк саласының маманы Әсем Жылқайдарованы еске алуға арналған. Шараға облыстағы 20 банктің 300-ден аса қызметкері қатысуда.
Осымен он тоғызыншы мәрте өткізіліп отырған жарысқа қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов өңір басшысының атынан құттықтады. Одан соң сөз алған Әсем Жылқайдарованың әкесі Әшім Жылқайдаров жарысты ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Алғашқылардың бірі болып ойын алаңына “АТФ” мен “Нұрбанк” қаржы институттарының аяқ-доп шеберлері шықты. Бірінші таймда “АТФ” қызметкерлері екі доп соқты. Нұрбанктіктер есе жіберіп алмас үшін қарсыластарының қақпасын торуылдап, шабуылға көшті. Бірақ, олар бір голдан асыра алмады. Екінші таймда допты қарсыластың қақпасына бірнеше мәрте дарытқан “АТФ” ойыншылары ақырында жеңіске жетті.
Келесі болып, ойын алаңында “Альянс” пен “Каспий” банктерінің қызметкерлері шығып, қызу ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы таймнан-ақ “Альянс Банк” мамандары қарсы қақпаға гол кіргізіп, нәтижесінде 4:1 есебімен басымдықтарын дәлелдеді.
– Жалпы банк саласының қызметкерлері мен қаржыгерлер арасындағы шағын футбол турнирі 1996 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізілуде. Осыдан екі-үш жыл бұрын ерлермен қатар әйелдер футбол командалары да жасақталған болатын. Ал биылғы додаға бірден алты нәзік жандар құрама командасы қатысуда. Бұл өз кезегінде банк мамандары арасында саламатты өмір салтын насихаттауға себін тигізбек, – деді Ұлттық банкі облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырахымов.
Турнирдің қорытындысы бойынша үздік шыққан командаға Ұлттық банктің кубогы табысталатын болады.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген автор.