Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында драматург Александр Галиннің “Жених поневоле” комедиясының премьерасы өтіп, шығармашылық ұжым көрермендерге өмірлік мәні терең ерекше қойылым ұсынды.
Биік үйлердің бірінде тұрып жатқан қарттың тағдыр жолы қарапайым ауыл тіршілігінен тым алысқа ұзап кеткендей. Тым-тым алысқа. Жетпістің жетесіне шыққан “жетім” шалдың күйбің өмірі жоқшылықпен емес, ішқұсалықпен өтуде. Жетім демей немене? Өмірлік қосағынан айырылған соң, ел-жұрттан жырақ, туған үйінен алысқа ұзап, қызы мен күйеу баласының қолында тұрып жатқан жайы бар. Қалаға қоныс аударғалы бері өзінен де, жұрттан да маза кетті.
Адам қартайғанда бала емес пе? Жақындарынан өзіне көңіл аударуды, қамқорлық көрсетуді қалайды. Ал ол болса күні бойы пәтер күзетіп, бірсарынды ғұмыр кешуде. Әрі күйеу баласымен үнемі сөзге келіп қалатындықтан, бұл отбасыға сіңісіп кету оңайға соқпады. Қызының да шайпау мінезі бар. Әкелерін күні бойы жалғыз қалдырып, кешкісін үйге келгенде де көңіл бөлмейтін жақындарынан жырақта өмір сүру әлдеқайда жақсы сияқты болып көрінді. Ендігі ойы – ауыл. Жер үй, кең жайылым, таза ауаны кім армандамасын? Көңілі дарқан даладай кеңпейілді ауылдастарының жанында бір күн болса да алаңсыз, уайым-қайғысыз өмір кешуді армандаған шалды жегідей жейтін адамдардың бір-біріне мейірімсіздігі, қатыгездігі еді. Туған қызынан мейір, сый-құрмет, қамқорлықты сезіне алмаған әке жүрегі жаралы.
Бұл үйде өмір сүруге не керектің бәрі бар. Жайлы тұрмыс, ассу да мол. Тек бір шаңырақ астында тұрып жатқан адамдар бір-біріне салқын, жайлылық пен жылылық жоқ. Ата-ананың сөзін сыйлап, құлақ асу, пікірлес болу отбасы тіршілігінің бір ғанибеті ғой. Ал тынымсыз тіршілік жүйкені жұқартқаны соншалық, отбасында үнемі ұрыс-керіс. Бақыт пен береке, шаттық жоқ. Қайын атасымен бірге тұруды қаламайтын күйеу бала да сыныққа сылтау іздеуде. Егде жастағы атасын үйлендіріп, үйден кетірудің амалына кірісуді шындап қолға алады. Күйеуінің ерсі қылығына қысылған қыз жоқ. Қызы жанашыр ниетпен жалғызілікті әйел болса, әкесіне қосуға қарсы емес. Олар бар мәселе үйленумен шешіле қоймасын қайдан білсін? Бұл қорлыққа төзе алмаған әкей қаладан гөрі қалған ғұмырын ауылда өткізуді ойлап, туған жерге оралуға бекінеді. Басқа амалы қалмады.
Қойылым желісіне арқау болған “Жених поневоле” (“Ретро”) комедиясы бүгінгі күннің өзекті мәселесін көрермендерге астарлы әзілмен тұспалдап жеткізгендей. Ел аман, жұрт тиышта ата-анадан безіну не сұмдық? Қаншама ата-ана қартайып, қаусаған шағында осындай қатыгез балалардың кесірінен қалған ғұмырын жалғыздықпен өткізуде. Пьеса арқылы қарттар үйіндегі көптеген кәрілердің тағдыры осындай оқиғалардың нәтижесі екенін ұғындық.
Ата-ана біз үшін Алла тағаланың аманаты. Ал олардың көңілдеріне қаяу түсіріп, жүректерін жаралау – үлкен күнә. Ендеше, неге көзі тірісінде оларға лайықты құрмет көрсетпеске? Өмір сыйлаған, тәрбие беріп, аялап, әлпештеген әке-шешеге перзенттік парызымыздың өтеуі қайда? Әрине, бес саусақ бірдей емес. Көпке топырақ шашудан аулақпыз. Бұл комедиялық қойылымда баланың тіреуі, қамқоры, сүйеніші ата-ана болса, қартайғанда ата-ана да перзенттік қамқорлыққа зәру екеніне көз жеткіздік. Бес әртіс ойнаған спектакль тұтас өмір өрнегін көз алдымызға әкелді. Адамға тән қуаныш пен қайғы, мұң мен нала, өкпе-реніш, сүйініш пен күйініш сезімдерді актерлер анық көрсете алды.
Өмірлік серік іздеп, әдемі қартаюдан үмітті үш қарттың образдары керемет сомдалды. Бірі өнерге өмірін арнап, уақытында отбасы бақытын сезіне алмаса, енді бірі жалғыз ұлының балаларын ержеткізуде. Үшіншісінің де тағдыры алдыңғы екеуіне ұқсас. Кейіпкерлердің өзара диалогі ғана емес, өмір жайлы толғаныстары, отбасы құндылықтары туралы монологтары да көптің көкейіне дөп түскендей.
Жастық дәуренде кейбіреулердің өмірдің қадірін дұрыс түсінбейтіні өкінішті. Уақыты келгенде бәріміз де қартаямыз. Ешкімге де керексіз болып қалуымыз ықтимал. Сондықтан әр атар таң мен батар күнге шүкіршілік айтып, өмірдің қадірін ұғынып, отбасы құндылығын сақтауға ой қосқан шығарманың көркем сюжеті әртістердің шеберлігімен одан бетер ашыла түсті. Сахна төріндегі әртістердің сөйлеген сөздері ғана емес, келісті жүріс-тұрысы, қимыл-қозғалысы, ым-ишарасы үлкен шеберлікті байқатады.
Жалғыздықтан шаршаған қариялар қарттық кезеңді қайғысыз өткізуді ойлады. Артық сөздің де қажеті жоқ. Тайға таңба басқандай бәрі айқын әрі анық. Күлдіре отырып, терең мәнге бойлатқан қойылымның көздеген мақсаты – көрерменге ой тастау, өмірде болып жатқан оқиғаларға үн қату. Екі күн қатарынан сахналанған қойылым премьерасы табысты өтті. Оның сәтті өтуіне спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі Виктор Шалаевтың қосқан үлесі зор. Тоғыз ай бойы пьесаға дайындалып, актерлердің өз образдарын жоғары деңгейде алып шығуы үшін театр қайраткерінің үлкен жұмыс атқарғаны аңғарылып тұр. Театр труппасының да шығармашылық ізденісі құптарлық. Қарттардың рөлін келісті сомдаған Мәдениет қайраткері Владимир Шустов пен Мәдениет саласының үздігі Анатолий Наргеленастың өнеріне тәнті болдық. Премьераның алғашқы көрсетілімі Владимир Шустовтың мерейтойлық бенефисіне арналғанын да атап өткен жөн. Мәдениет саласының үздіктері Ирина Полещук, Людмила Шалаева, Людмила Шустова мен Марина Черняк, Ринат Исмаиловтың шеберлігі көпшілікті риза етті.
Өмір адамға бір-ақ рет беріледі. Осынау жалған дүниеде жақындарымызға жанашырлық танытып, ата-ананы құрметтегенге не жетсін?! Мәні терең, мағынасы ерекше қойылымды жұртшылық назарына ұсынған әртістер өнердің өміршең екендігін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Екінші күні де лық тола жиналған залда ине шаншар жер болмады. Орындарынан тұрып, актерлерге ұзақ қошемет көрсеткен көрерменнің жүзінен көріністен жақсы ой түйген қалпын аңғардық. Бұл – театр труппасының жеңісі әрі жемісі.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.