Облыс әкімі Ерік Сұлтановтың төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу және жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы болды.
– Жемқорлықтың алдын алу және қылмысқа қарсы әрекет ету қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды мәселе болып табылады. Қылмыс пен құқық, жемқорлыққа қарсы күрес жүйелері ұзақмерзімді жұмысты талап етеді, – деді облыс әкімі Ерік Сұлтанов. Селекторлық режімде өткен ведомствоаралық комиссияның отырысында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бастығының орынбасары Әсет Ысмағұлов білім саласы нысандарындағы өртке қарсы күрестің жайы туралы баяндама жасады. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент және оның аумақтық бөлімшелері өңірдегі білім нысандарында өрт қауіпсіздігінің сақталуына бақылау жүргізген екен.
Бүгінде облыста 672 білім нысаны бар. 2016 жылдың бірінші жартыжылдығында 666 нысанға бақылау жүргізілген. Оның нәтижесінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 1800-ден астам фактісі анықталып. 298 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Отырыста соңғы жылдары Петропавл қаласындағы білім нысандарындағы өрт қауіпсіздігіне байланысты ахуалдың біршама жақсарғаны айтылды. Өртке қарсы шаралардың тиімді жүргізілуінің арқасында барлық нысандарға автоматтандырылған дабылқаққыш орнатылған. Үстіміздегі жылы Петропавл қаласы мен аудандық білім беру мекемелері бойынша өртке қарсы қауіпсіздік шараларына жергілікті бюджеттен 36,6 миллион теңге қарастырылған.
Алайда, бұл қаржы жеткіліксіз. Отырыста өңір басшысы білім беру мекемелерінде өртке қарсы күрес шараларын күшейтіп, ширақ жұмыс істеу қажеттігін айтты.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Каринова білім беру мекемелерін алдағы жылыту маусымына дайындау барысында өртке қарсы іс-шаралар ескерілгенін жеткізді. Жергілікті бюджеттен Петропавл қаласы мен облыс аудандарын жаңа оқу жылына дайындау мақсатында 120 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.
Отырыста бас бостандығынан айырылып жазасын өтеп жатқан адамдарды жұмыспен қамту мәселесі де қаралды. Осы мақсатта қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің жанынан өндіріс орындарын ашу қажеттігі айтылды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті және Петропавл қаласы, Айыртау, Есіл аудандарының кәсіпкерлік бөлімдері жұмысқа орналасқан сотталғандардың санын арттыруды қолға алуда. Негізгі жұмыс биыл ақпан айында бекітілген Жол картасы аясында іске асырылуда. Аталмыш карта аясында 120 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 11 жоба жүзеге асырылуда. Үстіміздегі жылдың мамыр айындағы көрсеткіш бойынша Жол картасына 20 жоба енгізілді. Бүгінгі таңда түзеу мекемелері аумағында өндірісті оң жолға қойған кәсіпкерлердің саны артуда. Соның нәтижесінде түзеу мекемелеріндегі 500-ге жуық адам жұмысқа орналасқан. Қазір облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы мен қылмыстық-атқару жүйесі департаменті жалға берілетін ғимараттарды түгендеуде.
Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Евгений Глотов “Бизнестің жол картасына” енгізілген өзгерістерді түсіндіру бойынша барлық аудандарға жұмыс тобы шығатынын айтты.
Күн тәртібінде қаралған соңғы мәселе Петропавл қаласында құқық бұзушылықтың алдын алу туралы болды. Облыс орталығында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты жұмыстар атқарылуда. Бүгінде қалада полицияның 13 учаскелік пункті бар. Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Елена Балло құқық қорғау жүйесінде жергілікті полиция қызметі тиімді жұмыс істеп жатқанын тілге тиек етті. Қоғамдық тәртіпті қадағалау бойынша 74 бейнекамера жұмыс істейді. Ай сайын полицияның учаскелік инспекторлары тұрғындармен кездесу өткізеді. Үстіміздегі жылдың басынан осындай 42 кездесу болды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде адам өлтіру және қала көшелерінде жасөспірімдер жасайтын қылмыстардың саны азайды. Алайда, облыс орталығында ұрлық азаймай тұр. Петропавл қалалық әкімдігі қалалық ішкі істер басқармасының ювеналды полиция қызметкерлерін қалалық білім беру мекемелерінің өкілдерін қатыстыра отырып қолайсыз отбасыларды үнемі назарда ұстайды. Өмірлік қиын жағдайда қалған жасөспірімдердің есебі жүргізіледі. Білім беру мекемелерінде саламатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Он екі балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тегін үйірмелер жұмыс істейді. Алдағы уақытта да құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыс күшейтілген тәртіпте жүргізілетін болады.
Ведомствоаралық отырыстың екінші жартысы жемқорлық құқық бұзушылық мәселелеріне арналды. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Данияр Жанәлінов жемқорлық құқық бұзушылыққа қаиысты мәселелерге кеңінен тоқталды. Кірістер департаментінің экономикалық зерттеу қызметінің жүргізген мониторингі бойынша мемлекеттік сатып алулар порталында жемқорлық тәуекелдерді болдыратын заң бұрмалаушылықтар анықталған. Ал салықтан жалтару экономикалық қылмыстың ең қауіпті түріне жатады. 2016 жылдың өткен мерзімінде 14 адам тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономика саласындағы жемқорлықпен күрес жазалау шараларымен шектелмейді.
Жиында Шал ақын, Мамлют, Айыртау аудандарының әкімдері құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Ведомстовоаралық комиссия отырысының жұмысын қорытындылаған өңір басшысы Ерік Сұлтанов барлық жергілікті атқарушы билік пен жауапты органдар құқық бұзушылық пен жемқорлықтың алдын алу бағытында жұмысты күшейте түсуі қажеттігін атап көрсетті.
Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.