Қазақстандық “Pro Team Astana” командасының велошабандозы, жерлесіміз Алексей Луценко “Алматы туры – 2014” екінші халықаралық тас жол веложарысында жеңіске жетті.
Спорттық шараға әлемдік деңгейдегі “Astana Pro Team”, “Katusha” (Ресей), “Giant-Shimano”, “Movistar”, “Omega Pharma – Quick-Step”, “Bardiane Valvole”, “CCC Polsat”, “Synergy Baku Cycling Project” сияқты барлығы 20 команда қатысқан.
Жалпы ұзақтығы 186 шақырымдық аталмыш додада Алексей Луценко белгіленген қашықтықты 4 сағат 12 минут 17 секундта бағындырды. Жерлесіміздің жылдамдығы сағатына 44,236 шақырымды құрады. Екінші орынға ресейлік “Katusha” командасының мүшесі Сергей Чернетский ие болса, үшінші орынды “Rusvelo” командасының велошабандозы, ресейлік Сергей Лагутин еншіледі.
Сөйтіп, соңғы екі аптаның ішінде Алексей екінші жеңісіне қол жеткізді. Бұған дейін спортшы Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында топ жарса, араға бірнеше күн салып “Алматы туры – 2014” бәйгесінде бабында екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.