Алты ойында алты доп соққан шабуылшыны “Сұр мерген!” деу ләзім. Осындай жылы лебізді петропавлдық жанкүйерлер “Қызыл-Жар СК” футбол клубының шабуылшысы Давити Чагилишвилиге арнап айтып жүр. Айтса айтқандай, ол осы алты допты қарсыластарының қақпаларына қатарынан енгізіп, соңғысын 27-ші маусым күні өз алаңымызда “Екібастұз” командасымен өткен кездесуде соқты.
Ойынның өте тартысты өткені сондай, көпке дейін есеп ашылмады. Ақыры екінші таймда, 74-ші минутта аталған шабуылшы көзге түсті. Ал екінші допты Лимонне Мусса соғып, жағдайымызды нығайта түсті. Осы голдан кейін екі минуттан соң ойын аяқталды.
Қазір біздің жерлестеріміз он бір турдан кейін жарыс кестесінде топ бастауда.
Он екінші турдың ойыны сырт алаңда өтеді. Жерлестеріміз төртінші шілде күні Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтаарал ауданының клубымен кездеседі. Содан кейін он бірінші шілде күні өз алаңында “Қызыл-Жар СК” Астананың “Бәйтерек” командасын қабылдайды.
Жерлестеріміздің қазіргі ойын өрнегіне қарағанда, қалған осы екі кездесуде де жеңіске жетуге мүмкіндіктері бар. Олай болса, біздің футболшылар чемпионаттың алғашқы айналымын бірінші орынмен аяқтай алады.
Айтпақшы, біздің футболшылар соңғы алты жылдың ішінде тұңғыш рет алғашқы айналым бойынша топ бастап келеді. Мұны жақсы ырымға жорыдық.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.