Аққайың аудандық полиция бөліміне «Опель» автомашинасы ұрланғанын айтып, Ленинское ауылының тұрғыны жүгінген. Танысы көлік ішінде отырып музыка тыңдағысы келетінін айтып өтінген.
Көлік иесі шығып кеткен уақытта танысы шетел көлігін оталдырып, белгісіз бағытта жүріп кеткен. Көлік құралы мен айдап әкетушіні ұстау үшін полиция бөлімінде «Ұстап алу» жоспары енгізіліп, жақын маңдағы учаскелік полиция инспекторлары хабардар етілді. Аудан орталығына кіреберіс жердегі бейнебақылау камералары тексеріліп, көлік айдап әкетушінің осы елді мекенге соғып, кейін Қиялы ауылы жаққа кеткендігі анықталды. Полицейлердің сауатты жұмыстары арқасында ұрланған автомашина табылды. 1978 жылы туған көлік ұрлаушы мұндай әрекетке бойындағы алкоголь итермелегенін айтып ақталған. Ал «Ауди 100» автомашинасының ауласынан жоғалғанын айтып, Петропавл қаласының тұрғыны жүгінген. Полицейлер ұрлыққа 1990 жылы туған, масаң күйде болған ұлының қатыстылығын анықтаған.
Жыл басынан көлік құралын айдап әкетудің 56 фактісі тіркелген, оның басым бөлігі ашылған.