Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте күзгі орақ науқаны барысында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау мәселесі қаралды.
Брифингті ашқан департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев БАҚ өкілдерінің назарын қаралып отырған мәселенің маңыздылығына аударды. Оның айтуынша, Тайынша ауданындағы бидай алқабынан өрт шықты. Өрт 6 гектар аумақты шарпыған. Ол от жағу барысындағы салдыр-салақтықтан туындаған.
М.Жұмабаев ауданындағы Возвышенка ауылында электр сымдарының қысқа тұйықталуынан “Есіл 760” комбайны жанып кетті. Абырой болғанда, бұл жолы алқап өртенген жоқ.
Баспасөз мәслихатында Нұрлан Атығаев өрт қауіптілігі жоғары кезеңде департаменттің құрылымдық бөлімшелері атқарған жұмыстарға да тоқталды.
«496 рейд жүргізілді. Егіндік алқаптарындағы қоқысты бақылаусыз өртегені үшін 159 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 1,6 млн. теңге айыппұл төледі. Диқандармен 84 “дөңгелек үстел” мен жиын өткізіліп, мұндай шаралар 11 мың адамды қамтыды», – деді департамент бастығының орынбасары Нұрлан Атығаев.
Сурет www.inform.kz сайтынан алынды.