«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АМАЛ ДЕГЕН АЙЫҢЫЗ…

Ұлыстың ұлы күні — Әз-Наурыз жақындаған сайын, күн райымен қатар адамдардың көңілі де жадырап, мерекенің лебі еседі. Ұлық мейрамға дейінгі бір аптаның әр күні ерекше құндылыққа, қасиетке толы. Табиғатпен етене жақын өмір сүрген көшпенді халық үшін көктемнің келуі үлкен қуаныш. Қыстың қаһарымен алысып, қақаған аяз бен ұйытқыған бораннан үй-іші мен төрт түлігін аман алып шығу әр қазақ үшін мейрам саналған. Осы той-думанның басы – 14 наурызда аталып өтетін Амал мерекесі.

Амал мерекесін басқаша Көрісу күні деп те атап жатады. Өкінішке қарай, аталған мейрам еліміздің көп аймағында ұмыт қалып, көпке дейін аталмай келді. Тәуелсіздік алған тұста Амал мерекесін батыс жұрты жаңғыртып, бүгінде бүкілхалықтық мейрам деңгейіне көтерді.

Маңғыстаудағы Отпан тауы ежелден сол маңды жайлаған ұлыс үшін киелі орын саналған. Патшалық билікке де, Кеңес үкіметіне де бағынбаған рухы азат, еңсесі тік Адайлар өткен ғасырдың аяғына дейін көшпелі салтын бұзбай, Маңғыстау даласында көшіп-қонып жүрген деген деректер кездеседі. Өздерін қашаннан мұнайлы өлкенің иесі, қорғаушысы, ежелгі тұрғындары санайтын олар ел егемендік алғаннан кейін Отпан тауда Адай атаға арналған ескерткіш орнатты. Содан бері халық көп жиналатын ауқымды шаралар жыл сайын сонда өткізіліп келеді. Отпан таудағы жиындардың ең үлкені – Амал мерекесі.

Отпан тау бұрыннан батыс халқы үшін қарауыл-төбе қызметін атқарған. Аңызға сенсек, ер Төлеп батыр осы таудың төбесінде қарауылда тұрған. Осылайша жұрт жерін түркімендерден қорғаған. Тіпті бар мұрамызды ұмыттыруға тырысқан кеңестік кезеңде де осы таудың маңына жиналып, құрбан шалып отырған. Еліміз еркіндік алған тұста қалталы азаматтар, жанашыр тұрғындар мен мұнай компанияларының демеушілігімен бірнеше нысан бой көтерді. Отпан тау маңайында Адай ата мен оның екі ұлына арналған 3 мұнара тұрғызылды. Жыл сайын Амал мерекесіне жиналғандар 13-нен 14 наурызға қараған түні биік тұғырдағы оттың жанғанын тамашалайды. От жағу бұрынғылар үшін қауіп алдындағы бірігудің хабары болса, бүгінде мерекенің басталғанын білдіретін рәсімге айналған.

Жалпы Амал сөзі әр жылдың он екі айындағы табиғат құбылыстарына байланысты халықтық қағидаларда қалыптасқан болжамдардың атаулары мен реттерін білдіреді. Көшпенділер күннің тоқырауы, қарашаның қайтуы, үркердің батуы, мұздың қатуы сияқты амалдарды қалт жібермей бақылап отырған. Мәдениеттанушы Зира Наурызбаева қазақ ұғымында 14-16 наурыз шамасында табиғи амалдардың бір жылдық толық циклы аяқталып, жаңасы басталатынын айтады. Сондықтан да бұл күнді Амал мерекесі деп атап кеткен. 14 наурызды Көрісу күні деп атау да тегін емес. Өйткені осы күні қыстан шыққан ағайын-туыс бір- бірімен жолығып, амандық-саулық сұрасып, арқа- жарқа болысқан. Ал ел ағалары алдағы уақытты қай ауылдың қай маңға қоныстанатынын, қай жайлауға мал жаятынын, көш ыңғайы қалай болатынын, суы жоқ аймақтарды құдықтарды қандай ретпен пайдаланатынын ақылдасып, келісімге келген.

Көрісу күні жасалатын арнайы жоралғылар бар. Бұл күні үйдегі қыз-келіншектер дастарқан жайып, қонақ күтуге дайындалады. Қазақта қарашаңырақ дейтін қасиетті ұғым бар ғой. Амал күні әр адам қарашаңыраққа барып, қара қазанда дайындалған астан дәм татуы керек. Осы күні амандасқан ағайын бір- бірін «Бір жасыңмен!» деп құттықтап жатады. Бұл жаңа жылдың басталғанын білдіреді. Амал күні басталған Наурызнама бір аптаға ұласып, халық той тойлап, мейрам қылып, мәз болған. Көрісу күні – тек думандатып, көңіл көтеретін емес, ата-баба өсиетін ұрпақ жадына сіңіріп, үлкендерге құрмет көрсетіп, ағайынды жақындастыратын тағылымды мереке.

Балзия ҚЫЛЫШБАЕВА.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp