«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Анна бағындырған асу

Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Анна Стратан қола медаль еншіледі. Солтүстікқазақстандық балуан қызды жанкүйерлер құшақ жая қарсы алды.

Мамлют ауданындағы Мең­гесер ауылының тумасы Анна Стратан бұған дейін құрлықтық бәсекелерде өнер көрсетіп, жүл­дегерлер қатарынан көрінген. Биыл ол жасөспірімдер ара­сында өткен ел біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрама са­пы­на алынды. Спортшы артқан сенімді ақтап, Ам­манда үшінші орынға табан тіреді.

Жеке бапкері Руслан Дәулетовтің айтуынша, соңғы жыл­дары Мамлют ауданында әйел­дер күресі дамып келеді. Қазір қарамағында 35 балуан қыз жат­тығады.

– Мамлют ауданында күрес түрлері бұрыннан дамыған. Соңғы уақытта әйелдер күресінен бақ сынайтындар қатары артты. Олардың бірі – Анна Ст­ратан. Шәкіртімді әлем бірін­шілігіне дайындадым, көп жылғы жаттығулар жемісін берді. Енді көздегеніміз – жастар арасында чемпион атану, – дейді Руслан Дәулетов.

Анна Стратан 57 килограмға дейінгі салмақта өнер көрсетті. Бұрымды спорт­шы қола үшін күресте Гре­кия елінің өкілі Майри Маниден 5:1 есебімен басым түсті.

– Маусым айында Азия біріншілігінде қола енші­ледім. Міне, араға екі ай салып, әлем чемпионатында үздік үш­тікке ендім. Қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз, – деді Анна Стратан.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp