«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ ЖАТАҚХАНАҒА жөндеу жұмыстары жүргізілмек

Альбина ГАЛИМОВА,

журналист.

Осыдан бірнеше күн бұрын Петропавлда орналасқан тұрғын үйлердің бірінде төтенше жағдай орын алып, бесқабатты жатақханадағы 40-қа жуық пәтердің тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді. 1982 жылы салынған ғимарат содан бері жөндеу көрмепті. Болған оқиға пәтер иелерінің немқұрайдылығы салдарынан орын алған. Алайда, биліктегілер шарасыз жағдайға түскен жандарды қолдаусыз қалдырған жоқ. Сенбі күні апатты үйдің жағдайымен облыс әкімі Самат Ескендіров арнайы барып танысты. Жатақхана жертөлесінің іргетасы бұзылған, соның салдарынан төменгі қабаттағы 3 тақта орнынан жылжып кеткен. Тағы алтауы – апаттық жағдайда. Сол себепті алдағы уақытта тақталарды бекіту қажет.  

– Қазір ғимараттың одан әрі бұзылуына жол бермеу үшін уақытша тіреулер орнатылады. Бұдан кейін нақты жоба жасалады. Жобаға сәйкес темір арқаулар орнатылып, қабырғалар бекітіледі. Осылайша, барлығы қалпына келтіріледі, – деді “СТАДИЯ” ЖШС-нің сарапшысы Антон Кальсин.  

Самат Сапарбекұлы бұл мәселені жеке бақылауына алып, арнайы құрылған штабтың отырысын өткізді. Құрылыс компаниялары жұмысты бастауға әзір. Өңір басшысы бұл мәселені қысқа мерзімде шешу қажеттігін қадап айтты.

– Егер бақылау барысында орнатылған белгі берушілер жағдайдың тұрақты екендігін көрсетсе, бұл істі дүйсенбіден қалдырмай бастау керек. Штаб үздіксіз жұмыс істейді. Қажетті ресурстармен қамтамасыз ететін боламыз, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Осылайша жергілікті билік те, құрылыс компаниялары да тұрғындардың таяу уақытта өз пәтерлеріне оралуы үшін бар жағдайды жасамақ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp