«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕРДІ АРДАҚТАЙМЫЗ

Облыс орталығындағы Бензострой шағынауданында орналасқан “Балапан” балабақшасы ұжымы үшін Ұлы Отан соғысының ардагері, “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін” медальдарының иегері Александра Сумина (Рендекова) – ерекше қымбат жандардың бірі. Александра Васильевна мереке сайын, әсіресе, Жеңіс мейрамы қарсаңында мекемемізге келіп, балабақшамызда тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндермен кездесуден, оларға өз өмірінен естеліктер айтудан жалыққан емес. Бұл күндері қарттыққа бой алдырып, жүріп-тұруы да шектеле бастаған ардагерді балабақша ұжымы қамқорлығына алып, мереке сайын құттықтауды дәстүрге айналдырған.

Омбы облысындағы Болшеречье селосында туған Александра Сумина Ұлы Отан соғысынан кейінгі өмірін өзіміздің Петропавл қаласында өткізіп келеді.

– Ұлы Отан соғысы басталған кезде 17 жаста болатынмын. Қатарластарым сияқты қанша құлшынғаныммен, қалалық әскери комиссариат майданға барамын деген тілегімді қанағаттандыра қойған жоқ. Тек бір жылдан кейін ғана өз еркіммен әскер қатарына алындым. НКВД-ның 31-полкінің, 115-жеке батальоны құрамында медбике ретінде соғысқа қатыстым. Кіші сержант әскери шенім бар. Санитарлық сөмкемді жаныма асып алып, жаралы жауынгерлерге көмек көрсетуге, оларды майдан даласынан аман алып шығуға өз үлесімді қостым. Оқ пен оттың арасында аласұрып жүріп, жарақат алған кездерім де болды. Бәрінен бұрын дәке жетіспейтін, оның орнына қайнатылған ескі шүберекті ораған кезіміз де болды. Йод болмай қалғанда, сүйелшөптің сабағынан сығып алынған шырынды пайдаланған шақ әлі естен кетпейді, – дейді Александра Васильевна.  

8 маусым күні Александра Сумина әжейіміз 90 жасқа толды.

– Өмірдің ащы-тұщысын бір кісідей таттық қой. Қатарымыз сиреп барады. Ендігі арманым Ұлы Жеңістің 70 жылдық торқалы тойын көрсем деймін. Елімізге тек тыныштық берсін! – дейді көпті көрген көнекөз қария.

Гүлбақыт НҮРПЕЙІСОВА,

“Балапан” балабақшасының

қазақ тілі мұғалімі.

СУРЕТТЕ.А.Сумина бала-бақша тәрбиеленушілерімен бірге.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp