“Елге ел қосылса – құт” деген екен бабаларымыз. Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері шетте жүрген бір миллионға жуық қандасымыз атамекенге оралды. Бүгінде оңтүстік өңірлерде тұрып жатқан қаракөздерімізді теріскейге қоныстандыру үрдісі жүріп жатыр. Көштің келісті болуына атсалысып жүрген жандардың бірі – ақын Әбдіғани Бәзілханұлы. 1969 жылы Қытайда дүниеге келген ол атақонысқа 2004 жылы оралып, Алматы облысында лауазымды қызметтер атқарды. Талғар аудандық мәслихатының депутаты болды. Осы жылдың басында оңтүстіктегі жылы орнын тастап, отбасымен Қызылжар өңіріне ат басын бұрды. Қазір Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары. Жергілікті әдебиет сүйер қауымға ақынды таныстыру мақсатымен “Күміс өзен күмбірі” жинағына енген бір топ өлеңін ұсынып отырмыз.
Мен ақынмын
Мен ақынмын жыртық-жыртық шекпенім,
Сезбеппін-ау қарлы боран өпкенін.
Жыртығымды бүтіндеуге уақытым жоқ,
Дала безіп, өлең қуып кеткенмін.
Мен ақынмын шерге толы жүрегім,
Елдің мұңын өз мұңым деп білемін.
Арамызда алауыздар көбейіп,
Көп ізденіп таппай жүрмін бір емін.
Мен ақынмын құрғамаған көз жасым,
Қорғаштаған жан емеспін өз басын.
Қоңыр тағдыр жүрсем дағы күн кешіп,
Жырмен сүрттім мұңды жанның көз жасын.
Мен ақынмын жетімдермен тағдырлас,
Баладаймын кісі көңілін қалдырмас.
Өзегімді ащы мұң боп өртеген,
Өгейлігім өзімменен даң құрдас.
Мен ақынмын жүйріктей-ақ, ақтабан,
Ақтабанның күні құрсын шаппаған.
Нысанаға ал күндестерім атпаған,
Тағы да алыс сапарларға аттанам.
Мен ақынмын алпарысқан сезіммен,
Арманым бар тереңірек теңізден.
Кеудемдегі қара өлеңнің тұнбасы,
Көмейімнен бұлақ болып төгілген.
Мен ақынмын борышым көп өтемек,
Ел бал жұтса, у ішемін кеселеп.
Ақылымды жетіспейді дей ме екен,
Жол сілтегіш “Ақылманым” өте көп.
Мен ақынмын “Мырзаларға” жақпаған,
Қара жолмын ат та, есек те таптаған.
Ардан безіп адамдығын сатпаған,
Арманы асқақ ақындыққа мақтанам.Көре алмастар сүрінсін деп ор қазса,
Кездерім-ай сезгірлікпен аттаған.
Сығалап қал күндестерім атпаған,
Тағы да алыс сапарларға аттанам.
Бәлкім, ұзақ бір сапарға аттанам!!!
Толығырақ газетіміздің ертеңгі санынан оқи аласыздар.