«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНҒА ҚАНАТ ҚАҚТЫ ЖАС ТҮЛЕКТЕР

 Солтүстік Қазақстан облысында биыл 3700-ге жуық оқушы мектеп бітірді. Олардың 124-і – «Алтын белгі» иегері. Түлектерді қаланың ор­талық алаңында өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтап, аттестат­тарын табыстады.

– Бұл – жылдар бойғы қажырлы еңбектің, ұстаздардың сапалы білімінің, ата-аналардың қолдауы­ның жарқын нәтижесі. Сіздердің ал­ған білімдеріңіз – өмір жолындағы берік іргетас. «Алтын белгі» – әр оқу­шы үшін үлкен жетістік. Қазақстан­ның дамуына үлестеріңізді қоса беріңіздер. Еліміздің бетке ұстар жас­тары сіздер боласыздар, – деді өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов.

Салтанатты сәтті тамашалауға келген ата-аналар мен ұстаздардың қарасы қалың болды.

– Ұлым Дамир Дүйсен №20 мек­тепті «Алтын белгімен» тамамдап жа­тыр. Ұлымыз білімге бала күнінен құштар болып өсті. Оған анасының да берген тәрбиесі, қосқан үлесі бар. Баламыздың болашағынан зор үміт күтеміз, – дейді Есіл ауданындағы Ақтас ауылының тұрғыны Мереке Төлебаев.

«Алтын белгілерін» қолдары­на алғаннан кейін жас түлектер вальс билеп, жиналған жұрт концерттік бағдарламаны тама­шалады.

«Алтын белгі» – мен үшін үл­кен жетістік. Бұл – менің ата-анамның, сынып жетекшімнің, ұстаздарымның еңбегінің нәти­жесі. Ерекше алғысымды ата-анама және сынып жетекшім Әсем Қайырғалиқызына білдіргім келеді. Олардың сенімі мен қолдауының арқасында осындай белеске жетіп отыр­мын. Ендігі мақсатым – Астана ІТ университетіне түсіп, грант иегері атану. Барлық түлектерге тек сәттілік тілеймін, –дейді Сафуан Шаймерденов атында­ғы қалалық классикалық гим­назияның түлегі Анель Ахмет­бекова.

Рабиға ЕРАЛЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp