«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАН АСУЫ

Мен Қызылорда облысының тумасымын. Қатарластарыммен бірге орта мектепті тамамдаған жылы “Серпін – 2050” бағдарламасы жайында естіп, қатты қуандым. Өйткені, мемлекет тарапынан жастар үшін жасалып отырған осындай тамаша мүмкіндік менің арманымның жүзеге асуына жол ашты. Жағымды жаңалықты естіген жастар білім бұлағынан сусындауға еліміздің түкпір-түкпірінен солтүстікке қарай бет алды. Үмітін үкілеген “серпіндіктер” қатарына мен де қосылдым. Сөйтіп, арманым орындалып, бүгінгі таңда Жәлел Қизатов атындағы Есіл ауыл шаруашылығы колледжінде білімімді ұштауға мүмкіндік алдым.

“Серпін – 2050” бағдарламасы бойынша аталмыш оқу орнында Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облыстарынан барлығы 74 студент білім алуда. Агроном, орман шаруашылығы және ветеринар мамандықтарын меңгеруді мақсат еткен “серпіндіктер” үшін мұнда барлық жағдай жасалған. Жаңа орта, жаңа достар таптық.

Мемлекет тарапынан осындай жан-жақты қолдау болып тұрғанда неге оқымасқа?! Менің ойымша, мұндай мүмкіндікті мүлт жіберуге болмайды. Бұл бағдарлама жастар үшін өте қажет және маңызды.

Бұған дейін ата-ана бауырынан ұзап шықпасақ та, жаңа өңірге тез бейімделіп, бір-бірімізге үйреніп кеттік. Арамызда талантты жастар көп. Мен өзім де өнерден құралақан емеспін. Гитарада ойнап, ән айтамын, жастар шығармашылығы шыңдалатын “Аламан” фестиваліне қатысып, бақ сынадым. “Серпін” жастары арасында ұйымдастырылатын түрлі ғылыми жобалар сайыстарынан да шет қалмаймын. Осының барлығы – студенттермен жоспарлы түрде жұмыс істеп, алдына келген әр баланы бәсекеге қабілетті азамат етіп тәрбиелеп жүрген ұстаздарымыздың арқасы. Біз бір үйдің балалары сияқты тату-тәтті тұрамыз. Оқуға да, қоғамдық жұмыстарға да белсенді түрде қатысамыз. Бүгінгі таңда 74 студенттің 25-і – оқу озаты. Қалғандары да қатардан қалмауға тырысып бағуда. Ұстаздарымыз бізге өздерінің балаларындай қарайды. Сол үшін де оларға дән ризамыз.

Уақыт деген зымырап өтіп жатыр. Енді бір жарым жылдан кейін оқуымызды да тамамдаймыз. Осылайша ата-ана мен ұстаздар үмітін ақтап, жаңа өмірге жолдама аламыз. Біздің солтүстікке келуімізге оң әсерін тигізген бағдарлама мақсаты студенттерге білім берумен қатар, оларды осы жерге тұрақтандыру, жұмысқа орналастыру екенін жақсы түсінеміз.

Айбек САЙРАН,

Жәлел Қизатов атындағы

Есіл ауыл шаруашылығы

колледжінің студенті.

Есіл ауданы,

Покровка ауылы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp