«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАН АСУЫНА ЖЕТКЕН ЖАН

Педагогика кеңістігінде тәжірибелі де білімді, өз мамандығының хас шебері дерлік ұстаздар бар. Солардың бірі – Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, тіл жанашыры Роза Күлжанова.

Ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған Роза Бірімжанқызы жайлы ерекше ілтипатпен айтуға болады. Ол – ұлағатты ұстаз. Себебі, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын болашақ буындарды оқыту мен тәрбиелеу ісіне арнап келеді. Өз ісіне берілген, шәкіртінің жанына нұр құя білген ұстаздың өмірі – болашақ мамандар үшін үлкен өнеге.

Мұғалім болу арманына айналған бойжеткен мектеп бітірісімен 1976 жылы Петропавл қаласындағы сол кездегі Ушинский атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1981 жылы бітіріп, жоғары білімді жас маман ұстаздық еңбек жолына түседі. Сол кездері оқу бітірген жас мамандарды облыстың кадрлар жетіспейтін шалғай аудандарына жіберу дағдысы бар еді. Жолдамамен еңбек жолын Мамлют ауданының Ленин орта мектебінде бастайды. “Жас келсе – іске” дегендей, аз ғана уақытта жас маман аталмыш мектептің тәжірибелі ұстаздарынан мамандықтың қыр-сырын жан-жақты түсініп, үйреніп, оған өз талпынысын қосып, ұжым ортасында өзінің лайықты орнын таба білді.

Кейін Петропавл қаласындағы есеп-экономикалық техникумында ұзақ жылғы ұстаздық қызметті абыроймен жалғастырады. Қазір бұл оқу орны – құрылыс-экономикалық колледжі.

Уақыт бір орнында тұрмайтыны анық. 1989 жылы басқа ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілде білім беретін оқытушы болып, колледжде қазақ тілінен дәріс бере бастайды. Осы жылдар ішінде Роза Бірімжанқызының алдынан білім алған студенттері бүгіндері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде.

Ұстаздың қарапайымдылығы мен ұқыптылығы, еңбекке деген ерекше ынтызарлығы өзгелерден оны ерекшелендіреді. Жігерлі де қайсар мінезі, қазақи ақжарқындығы мен қызметіне деген адалдығы әріптестері үшін үлгі боларлық. Осы қасиеттерін елеген облысымыздың білім басқармасы 2002 жылы оны колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындады. Бұл қызметін де жоғары деңгейде атқарып келе жатқан Роза Бірімжанқызы облыс, республика көлемінде өз іс-тәжірибесін таратып, біліктілігін айғақтады. Осы орайда Роза Бірімжанқызы тәжірибе алмасу мақсатымен Францияда болып, шет мемлекеттің білім беру саласының қыр-сырын колледждің әдістемелік кеңесінде талдап, әріптестеріне таратып жүр.

Білікті басшы ретінде колледжде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында да атқарып жүрген жұмысы ұшан-теңіз. Ол – колледждің талапты да талантты студенттерінен құралған “Шабыт” жас ақындар үйірмесінің көркемдік жетекшісі. Мұның өзі тәжірибелі ұстаздың тағы бір қырын айқындай түскендей. “Бұлақ көрсең, көзін аш” демекші, қаншама дарынды жастардың өнер айдынына еркін қанат қағып, самғау биігіне көтерілуіне дем беріп, ақыл-кеңесін аямайды.

Көркемсөздің зергері Ғабит Мүсірепов: “Оқушы жастардың ең сенімді ұстазы, сыр жасырмай ашық айтатын адамы – мұғалім” демекші, Роза Бірімжанқызы – жастардың оң бағытқа жол сілтер ақылшысы, кез келген сәтте көмек қолын соза білетін қамқор жан.

Ұстаз өңір басшысы грантының иегері, облыстық білім басқармасының грамоталарымен және Ы.Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған.

Роза Бірімжанқызы нағыз ұстаз, басшы ғана емес, ағамыз Жанбосын екеуі – отбасының мәуелі бәйтеректері. Қызы Әселді қияға, ұлы Тимурды ұяға қондырып, өздері таңдаған мамандыққа оқытып, немере сүйіп отырған таза жүректі, мейірімді жандар.

Халқымыз “Тусаң – ту!” – деп айтқандай, ол бойынан сол бір жастық жігердің ұшқыны жылдар өтсе де, әлі де сөнбегенін сөзбен емес, нақты істер арқылы көрсетуде.

Ақжарқын ЕШМҰҚАНОВА,

Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі әдістемелік

комиссиясының төрайымы.   

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp