«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРТЫНА ӨШПЕЙТІН ІЗ ҚАЛДЫРҒАН

Құйрықты жұлдыз секілді,

Туды да, көп тұрмады.

Көрген, білген өкінді,
Мін тағар жан болмады, – деп хакім Абай жырға қосқан қазақтың біртуар азаматы, ғалым, тарихшы, этнограф, саяхатшы Шоқан Уәлихановтың туғанына – (1835-1865 жж.) биыл 185 жыл.

 Дәстүрлі дала мектебінен тәлім алған оның шын есімі Мұхамет-Қанапия. Даңқты жерлесіміз 1835 жылдың қараша айында Құсмұрын бекінісінде дүниеге келіп, 1853 жылы 18 жасында Омбыдағы Сібір кадет корпусын армия кавалериясы бойынша тамамдайды. Екі жылдан соң, Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорд Орталық Қазақстан, Жетісу мен Тарбағатай аймақтарына ұйымдастырған экспедиция құрамында қызмет атқарады.
Шоқан Уәлиханов – Еуропа мәдениетін меңгеріп, неміс, француз, орыс тілдерін, әдебиетін терең таныған жан. Ол – тек өз халқының ғана емес, көрші қырғыз елінің, Қашқардың, Қытайдың, Жоңғарияның мәдениеті мен әдебиеті, тарихы, философиясы, жағрафиясы жайлы құнды еңбектер жазып қалдырған ғалым, қоғамдық құрылысты, патшаның отаршылдық саясатын, халқының басындағы теңсіздікті көріп, сол қиындықтарды жою жолында күрескен қоғам қайраткері. Патшаның отарлау саясатын, қазақ жерлерін иемдену үшін қолға алынған қанаудың жаңа түрі – “сот реформасын” қатты сынады. Қалың бұқара халық бұл реформадан еш жақсылық ала алмайтынын, экономикалық және әлеуметтік реформа қажет екенін ашық айтты.
Шоқан Уәлиханов ерте жастан қазақтың халық поэзиясына қатты құмартып, оның классикалық үлгілерін жинастырумен айналысты. Ол “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” және “Еркөкше” поэмаларының түрлі үлгілерін жұрт аузынан жазып алып, кейін оларды ұстазы Н.Ф.Костылецкийге табыстады. Оның отбасында жиі қонақ болатын қазақ әншілері мен жыршылары Шоқанның халық поэзиясына деген ынта-ықыласының оянуына ықпал етті. Шоқан Шыңғысұлының ғылымға қызығушылығын қалыптастыруда әкесінің алдыңғы қатарлы орыс зиялы қауым өкілдерімен араласуы да өз әсерін тигізді.
“Корпуста ой-өрісі, білімі жағынан Шоқан тез өсті, орыс жолдастарын басып озып отырды. Екі-үш жылдан кейін-ақ Шоқан өз класындағылардан ғана емес, өзінен екі жас үлкендерді де идея жағынан басып озды” – дейді бірге оқыған досы Г.Н.Потанин. Бұл сөздер дара әрі дана Шоқанның от жалынды, өр рухты екенін аңғартады.
Ш.Уәлихановтың тарих, география саласындағы даңқы жайлы Петербург ғалымдары да естіп, 20 жастан енді асқан Шоқанды олар 1857 жылы 27 ақпанда Орыс География қоғамының толық мүшесі етіп сайлайды. Бұл – оның орыс ғылымы алдындағы зор еңбегін мойындағаны еді. Шоқанның Қашқарияға сапары ғалымдық, ағартушылық саласындағы еңбегінің жаңа белеске көтерілуіне жол ашты. Қоқан хандығының Қашқардағы консулы әрі саяси резидентінің көмегімен Қашқардың экономикалық саяси құрылымын зерттеп, бұл халықтың тарихы мен этнографиясынан көптеген материалдар жинайды. Қашқар сапарынан кейін “Алты шаһардың, яғни Қытайдың Нанлу провинциясының шығыстағы алты қаласының жайы” атты еңбегі дүниеге келеді. Бұл оның Шығыс Түркістан халықтарының тарихына, әлеуметтік құрылысына арналған сол заман ғылымының биік деңгейінде жазылған әлемдегі тұңғыш зерттеу жұмысы еді. Ұзамай ол Германия, Англия баспасөз беттерінде жарияланады.
Шоқан артына Орталық Азия халықтарының тарихына, географиясына, фольклорына және қоғамдық-саяси өміріне арналған көптеген құнды еңбектер қалдырды. Оның мұрасының бір бөлігін бейнелеу өнері саласындағы еңбектері құрайды. Ол негізінен портрет, пейзаж және халықтың тұрмыс-салтын бейнелеу жанрымен айналысып, 150-ге тарта суреттің авторы атанды.
“Оның бойында тарихшының, географтың, әдебиетшінің, тіл білімін зерттеушінің және жауынгердің таланты үйлесім тапты. Пенде атаулыда сирек кездесетін ұлы талант оған шынайы достарды сыйға тартты”, – деп жазады Олжас Сүлейменов. Ғалымның тарих саласына қосқан үлесі де орасан зор. Туған елі мен жеріне деген сүйіспеншілігі Шоқанның қазақ халқы тарихының ғылыми негізін қалауына жол ашты. Ғалымның этнографиялық жазбалары, тарихи зерттеулері осы уақытқа дейін құндылығын жойған емес. ХІХ ғасырда “Қазақ шежіресі” атты мағынасы терең ғылыми мақала да жазды. Кейін бұл мұралар Г.Потаниннің кітаптарында жарияланды.
Ш.Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарына қатысты шежірелер туралы да айтылады. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең атақтысы – “Абылай”, “Қырғыз рулары”, “Ұлы жүз туралы”, “Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары”, “XVIII ғ. батырлар жыры”, т. б.
Ғұлама тұлғаның өмірі мен шығармашылығын насихаттау мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде “Рухани жаңғыру” жобасы аясында студенттер және оқытушылардың қатысуымен көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Ғалымның қысқа ғұмырында жасаған ерең еңбегінің тағылымы тек Қазақстан үшін емес, сонымен қатар Орта Азия мен Еуропа елдері үшін де өлмес мұраға айналды.

 

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы,
Сабина ЖҮНІСПЕКОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
филология және әлем тілдері факультетінің студенті. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp