Біздің облысымыз соңғы жылдары бала туу кемігендіктен, демографиялық ахуалы жылдан-жылға төмендеп, тұрғындарының саны азайып бара жатқан өңірлердің бірі болып табылады. Соған орай бала тууды көбейту мақсатында облыстық әкімдіктің бастамасымен 2010 жылы «Ұрпақ қоры» өңірлік бағдарламасы жасалып, облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген болатын. Бұл бағдарлама бойынша төртінші және одан кейінгі балалардың өмірге келуіне байланысты отбасындағы әр бала үшін 160 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әлеуметтік төлем төлеу және бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін депозитке ақшалай қаржы аудару қарастырылғанды.
Осы ретте айта кетерлік бір жайт – облыстық әкімдікте «Ұрпақ қоры» бағдарламасының жобасы талқыланған алқалы жиында белгілі қаржыгер, Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырахымов бұл бастама ізгі ниетпен қолға алынғанымен, алдағы кезеңде оны іске асыруға қанша ақша қажеттігі дұрыс есептелмегендіктен, түбінде оған ел қазынасына қарап ауыз ашып отырған біздің субвенциялы өңірдің бюджетінен бөлінетін қаржы жетпей, қиындық тууы ықтимал екендігін ашық сынап айтқан еді. Ақыры Жомарт Оралұлының айтқаны айдай келіп, «Ұрпақ қорының» ғұмыры екі жылға жетпей, облыстық бюджетте қаржы жетіспеуіне байланысты абыройсыздау тоқтатылып тынды.
Абыройсыздау дейтініміз – «Ұрпақ қорына» үміт артып, 2012 жылдың екінші жартысында төртінші және одан кейінгі баласын дүниеге әкелген бірсыпыра аналар аталмыш бағдарламаға енгізілмей қалып, орынды өкпе-реніштерін білдірген. Ал бағдарламаға қатысушы атану бақыты бұйырған жүздеген көпбалалы отбасының осылайша ойда-жоқта «аспаннан жауған ақшаға» қуанып қалғандықтары да анық.
«Ұрпақ қоры» бойынша Қызылжар өңірінің көпбалалы отбасыларындағы 3070 сәбиге арналып облыстық бюджеттен бөлінген қыруар қаражат облыстық әкімдік жанынан құрылған конкурстық комиссияның шешімімен «Нұрбанк» акционерлік қоғамының жергілікті филиалында ашылған арнаулы депозиттерге салынған. Осы банктің берген деректеріне қарағанда, теңге бағамы еркін қозғалысқа жіберілген биылғы жылғы 18 тамызға дейін әр салым бойынша жинақталған сома 1 000 000 теңгеден аспайтын көрінеді.
Жуырда біз облыстық мәслихаттың депутаты ретінде Шал ақын ауданындағы Балуан ауылында тұратын сайлаушыларымызбен кездескенімізде бір топ көпбалалы ана теңгенің кезекті құнсыздануына байланысты өз бүлдіршіндерінің атына «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша ашылған депозиттердегі салымдардың жағдайына алаңдаушылық білдірген еді. Осыған орай Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырахымовпен хабарласып, «Ұрпақ қоры» бағдарламасына қатысушы аналарды толғандырып отырған бірнеше сауалға жазбаша жауап беруін өтінген едік. Бұл мәселені біздің дер кезінде көтергенімізді атап айтқан филиал басшысы өзіне айтқан өтінішімізді бірер күннен кейін орындауға уәде еткен. Жомарт Оралұлы сөзінде тұрып, төмендегі жауапты жолдады.
– Теңгенің бағамы еркін қозғалысқа жіберіліп, құнсыздануына байланысты облыстық «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша төрт және одан да көп бала туған отбасыларға облыстық бюджет есебінен екінші деңгейлі банкте ашылған депозиттерге өтемақы төлене ме?
– Мақсаты тұрғындардың әлжуаз санаты ретіндегі салымшылардың белгілі бір бөлігін (1 миллион теңгеге дейін салымдары барларды) қолдау болып табылатын, Ұлттық банк басқармасының «Инфляциялық таргеттеу тәртібіне көшуіне байланысты, ұлттық валютада (теңгемен) ашылған жеке тұлғалардың депозиттері бойынша бағамдық айырмашылықты төлеу Ережесін бекіту туралы» қаулысының қабылдануына байланысты, тек мерзімдік депозиттер бойынша өтемақы төлеу қарастырылған. Алайда, «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша ашылған салымдар шартты салымдар қатарына жатады. Шартты салым дегеніміз – банкке банктік салым шартымен белгіленген міндеттемелер (шарттар) туындағанға дейін салынатын салым. Яғни, салымшыға ақшаны қайтару сәті банктік салым шартында көрсетілуі тиіс талаппен анықталады. Шартты салымды алу үшін салымшы банкке тиісті банктік қарыз шартында белгіленген талаптардың орындалғанын растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Ал «Ұрпақ қоры» салымы бойынша салымшыға ақшаны қайтару сәті – он сегіз жасқа толғанда деп белгіленген, сондықтан шартты депозиттер бойынша өтемақы төлеу қарастырылмаған.
Дегенмен, «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша ашылған депозиттер салымшылары көпбалалы отбасылардың балалары екендігін, олардың «Тұрғын үй қатынастары туралы» заң бойынша тұрғындардың әлеуметтік әлжуаз топтарына жататындықтарын ескере отырып, облыс әкімі Ерік Хамзаұлы Сұлтанов аталмыш бағдарлама бойынша да өтемақы төлеуге мүдделілік білдіріп, осы жөнінде Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне өтініш жасауға тапсырма бергендігін айта кетпекпін.
– «Ұрпақ қоры» бойынша депозиттер «Нұрбанк» акционерлік қоғамының филиалында ашылғаны белгілі. Ондағы жинақталған қаржыны алып, басқа екінші деңгейлі банкке салуға рұқсат етіле ме?
– «Нұрбанк», ауданның (қаланың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі және жеке тұлғаның арасында жасалған бағдарламаға сәйкес кәмелетке жетпеген балалар депозитіне әлеуметтік көмек беру туралы үшжақты шарттың талаптарына, сондай-ақ, «Ұрпақ қоры» банктік салым шартына сәйкес салым шарттары өз күшінде тұрған мерзімде депозитке салынған қаражаттан ішінара ақша алу, сондай-ақ, оны алып, басқа екінші деңгейлі банктерге орналастыру қарастырылмаған.
– «Ұрпақ қоры» бойынша ашылған депозиттерде жинақталған қаржыны мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша ашылған шоттарға ауыстыруға бола ма?
– Салым шартының талаптары бойынша жиналған қаржыны мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі бойынша ашылған шотқа ауыстыру қарастырылмаған. Салымшы 18 жасқа толғаннан кейін ғана өзіне тиесілі салымды қайтаруды және сыйақы төлеуді талап етуге құқылы.
– Еліміздің банктеріндегі жеке тұлғалардың ақшалай салымдарын кепілдендіру «Ұрпақ қоры» бойынша ашылған депозиттерге де қатысты ма?
– «Нұрбанк» жеке тұлғалардың депозиттерін міндетті ұжымдық кепілдендіру жүйесінің қатысушысы болып табылады. Сондықтан да «Ұрпақ қоры» бағдарламасы бойынша ашылған салым 2006 жылғы 7 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының екінші деңгейлі банктерінде орналасқан депозиттерді міндетті кепілдендіру туралы» Заңға сәйкес депозиттерді міндетті кепілдендіру нысаны болып табылады.
Ұлттық банктің облыстық филиалы басшысының берген жауабы «Ұрпақ қоры» бағдарламасына қатысушы көпбалалы аналардың көңілдерінен шыға ма, шықпай ма, әрине, оны бізге дөп басып айту қиын. Бірақ, Жомарт Оралұлының біздің өтінішімізге бірден құлақ асып, облыс әкіміне арнайы жолығып, жүздеген көпбалалы отбасылардың көкейкесті мәселесін шешу жолын жедел қарастырғанына риза болып қалдық.
Әрине, кезінде облыстың бұрынғы басшылары Жомарт Қажырахымовтың айтқан орынды сынына құлақ асып, «Ұрпақ қоры» бағдарламасын жан-жақты ойластырып, қажетті қаржыны сауатты есептеп, «көрпеге қарай көсіле» отырып жасағанда, оның ғұмыры ұзағырақ, шапағаты молырақ болар ма еді деп ойлаймын. Тіпті, екінші деңгейлі банкте ашылған депозитте ұзақ мерзімге сақталып, біздің елімізге де салқынын тигізіп тұрған қазіргі жаһандық экономикалық дағдарыс кезінде құнсызданып жатқан, жалпы сомасы әжептәуір мол қаражаттан гөрі оған дейін облыстық бюджеттен жаңа туған сәбилер үшін іле қолма-қол төленіп келген, көлемі азырақ қосымша өтемақы тиімдірек сияқты болып көріне ме, қалай? Әйтеуір, екі жылға жуық уақыт бойы көпбалалы отбасылардың төбесіне аспаннан жауғандай болған ақша олардың заңды иелерінің алақандарына тигенше, желге ұшып кетпесе болғаны да…
Кәрібай МҰСЫРМАН,
облыстық мәслихаттың депутаты.