Қазақстандық «Astana Pro Team» велокомандасының атауы келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап «Astana-Premier Tech» болып өзгереді. Бұл туралы «Самұрық-Қазына» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
«2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықаралық нарықта 30 жылдық табысты жұмыс тәжірибесі бар канадалық «Premier Tech» компаниясы «Astana Pro Team» кәсіби велоклубының жаңа иесі атанады. Осыған байланысты клуб өз атауын «Astana-Premier Tech» деп өзгертеді», делінген хабарламада.
Бұған дейін велокоманданың бас серіктесі атанып келген «Самұрық-Қазына» келесі жылдан бастап клубты қаржыландыруды 50 пайызға қысқартады. Десе де «Астана» UCI бекіткен әлемдік Гран-тур жарыстарына қатыса береді. Естеріңізге сала кетейік, қыркүйек айында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби спорт клубтарын мемлекет есебінен ұстаудың орынсыз екенін атап өткен болатын.
https://egemen.kz