Нан – басты байлық. Астықты жинап алу істің жартысы ғана, ең бастысы оларды сақтау. Астық сақтайтын орындар өрт қауіпсіздігі ережелері талаптарына сәйкес келуі керек. Олардың бұзылуы төтенше жағдай қаупін төндіреді. Астықты кептіру және астық қырманы аумағын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуы себептерінен жиі өрт шығады. Облыс аумағында өткен жылы осындай үш оқиға орын алды.
Айыртау ауданындағы Светлое ауылында өткен жылғы қыркүйекте жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің астық қырманы аумағындағы астық кептіргіштен өрт шықты. Оның кесірінен 2,5 тонна астық жанып кетті. Өрт астық кептіргіш корпусының ақауынан болған.
Тағы сол Айыртау ауданындағы Воскресеновка ауылында былтырғы қазан айының басында 2007 жылы орнатылған сыйымдылығы 15 тонналық астық кептіргіштен от шыққан болатын.
Сондай-ақ, былтырғы қарашада Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Чистополье ауылында жауапкершілігі шектеулі бір серіктестіктің “Кимбрия” астық тазалау және кептіру қондырғысы отқа оранды. Өрт көлемі айтарлықтай астық кептіргішті, оның ішкі қондырғыларын және 15 тонна күнбағыс тұқымын жалмады.
Биылғы жыл басынан бері облыстық ТЖД қызметкерлері орақ кезінде астық қырмандарындағы өрттің алдын алу үшін 260 астық қоймасына тексеріс жүргізіп, 3484 жадынама таратты.
Осындай маңызды нысандары бар шаруашылық басшылары өрт қауіпсіздігі деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі сұрақтары бойынша төтенше жағдайлар бөлімдерінен түсініктеме алуларына болады. Сонымен бірге, олар өтініш бойынша жоспардан тыс тексеріс өткізіп, кемшіліктерін көрсетіп те береді. Бұл жағдайда қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес анықталған кемшіліктер үшін айыппұл салынбайды.
Әсем ХАМЗИНА,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің мемлекеттік өрт бақылау басқармасының аға инженері,
өртке қарсы қызмет майоры.