«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСЫҚ ЕПТІЛІККЕ ҮЙРЕТЕДІ

Ата-бабаларымыз ұлттығымызды айғақтайтын асыл дүниелерді бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап жеткізді. Сол мұралардың бірі – қазақтың ұлттық ойындары. Бүгіндері қолдаушылары табылып, спорт түрлерінің қатарына қосылуда. Соңғы уақытқа дейін кенже қалып келген асық ату ойыны да бүгінде бұқаралық сипатқа ие болып келеді.

Жас жеткіншектерді толыққанды тұлғаға айналдыру үшін оларға қазақтың ұлттық мұрасы арқылы тәрбие берудің маңызы зор. Соңғы жылдары Қазақстанда төл өнерді дамыту қайтадан қолға алынуда. “Асық ату” федерациясының қолдауымен еліміздің әр өңірінде асық атушылардың қатары қалыңдай түскен. Атап айтқанда, Қазақстандағы жүзден астам үйірмеде үш мыңға жуық балғын ұлттық ойынмен шұғылдануда. Бұған қоса бірнеше облыста арнайы орталықтар ашылған.
Өзім сабақ беретін Мамлют ауданындағы Бостандық ауылының мектеп оқушыларын ұлттық ойын түрлеріне, солардың ішінде асық ату өнеріне баулуға баса назар аударып келемін. Ата-бабамыз аталмыш ойын жас ұрпақтың қабілетін арттыруда таптырмас құрал екенін біліп, бізге аманат етті емес пе? Ендеше, қырағылық пен ептілікке үйрететін асық ойыны әр білім ошағында оқу бағдарламасына енгізілуі тиіс деп ойлаймын.
Біздің мектебіміздің оқушыларына 1-сыныптан бастап асықтың шығу тарихы, оның ұлттық спорт түрі ретіндегі маңыздылығы жайында жалпы ақпарат беру міндеттелген. Бұл ойын түрі ең алғаш ежелгі түркілердің арасында пайда болыпты. Сондай-ақ, асық ойындары байырғы грек тілінде “астралаг”, римдіктерде “талус” деген атпен кеңінен таралғаны жайында мәлімет бар. Ертеде ұшы-қиыры жоқ даланы мекендеген бабаларымыз жорыққа аттанар алдында соғыстың амал-тәсілін тақыр жердің үстіне асықтарды шашып жіберіп жобалайтын болған. Мәселен, “Хан ату”, “Құлжа ату”, “Құмар”, “Қақпақыл”, “Қаржу”, “Төрт асық” және тағы басқа асық ойындарының атаулары сол кездерден бері келе жатыр. Біз ойынның бұрынғы шарттарын сақтап, басты ережелерін бұзбауға тырысамыз.
Ертеректе асық ату тәсілін ер балалардың бойында ел қорғайтын жауынгерлік қабілетті арттыру мақсатында да пайдаланған екен. Сондықтан оның бүгінгі ұрпаққа да берері мол. Асық ойнау арқылы ұлдар мергендігін шыңдап, дәлдігін жетілдіреді, ептілігін арттырады. Осылай жастай шыныққан бала ер жеткенде уақтылы және дұрыс шешім қабылдауға үйреніп, логикалық ой-өрісін дамытуға мүмкіндік алады. Бұған қоса дене шынықтырып, командада жұмыс істеуге дағдыланады. Ал асық ату барысында жүгіру, жүру, иілу, секіру, сақа иіру, көздеп тигізу, лақтыру арқылы балалардың қан айналымы жақсарып, буын ауруларынан ада болады.
Біздің елде бүгінгі күні асық ойындары жақсы дамып келеді. Ол үшін арнайы турнирлер ұйымдастырылуда. Біз оқушыларымызды осындай жарыстарға үнемі қатыстырып, ұлттық спорт түріне деген қызығушылықтарын арттыруға ден қойдық. Нәтижесінде үздік деп танылған оқушыларымыз облыстық құрамаға алынса, енді бірі асық атудан облыстық оқушылар спартакиадасында жүлделі орындарға ие болды. Шәкірттеріміздің үлкен додаларға да қатысып, жеңіс тұғырынан көрінуі – біз үшін үлкен мақтаныш. Былтыр “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында Бостандық орта мектебінің жоғары сынып оқушылары арнайы орта білім беретін мектеп шәкірттерімен сайысқа түсіп, үздік ойын көрсетті. Сондай-ақ, жоғары сынып оқушылары Қазақстан Республикасының Х жазғы мектеп және колледж оқушылары арасындағы спартакиадасында сәтті өнер көрсетті. Бүгінде асық ойнау шеберлігімен түрлі додаларда көзге түсіп жүрген Нұрлыбек Қойшыбаев, Дарижан Мұхамеджанов, Саят Ноянов пен Райымбек Жақсылықов сынды оқушыларымыз мектебіміздің мақтанышына айналды. Олар бүгінде кезекті жарысқа дайындалу үстінде.
Қыздар да бұл ойында үздіктердің қатарынан көріне білуде. Ерекше көзге түскен асық ату шеберлері аудандық және облыстық жарыстарға жолдама алып, естелік сыйлықтармен және грамоталармен марапатталды. 2018 жылы нәзік жандардан құралған командамыз ұлттық спорт түрлерінен облыстық спартакиада аясында өткен “Бестас” ойынында үшінші орынды иеленді. Ұстаздарымыз Салтанат Әбішева, Раушан Сыздықова мен Гүлжан Махмұтова да ұлттық спорт түріне қызығушылық танытып, оқушылармен бірге жарыстарға қатысуда. Бүгінде ауыл тұрғындары арасында да ұлттық ойынға қызығушылық танытқандардың қатары жыл өткен сайын арта түсуде.

 

Абылай НҮСІПОВ,
Бостандық орта мектебі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Мамлют ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp