«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АСҚАР ТАУҒА БАЛАЙМЫЗ-АУ, БІРАҚ ТА…

Асыл дініміз – исламның аса маңызды қағидаттарының бірі – отбасында балаға дұрыс және толыққанды тәрбие беру. Алайда, соңғы кезде ер-азаматтар бұл мәселеге келгенде немқұрайдылық танытатын сияқты. Бұрынғы заманның көпті көрген азаматтары ұлы мен қызының бойына ақыл мен білім қондыруды әкелік парыздардың ең маңыздысына балаған. Бұған қоса перзенттерін балағат жасына толғанша дейін өзімен бірге ертіп жүріп, қоғамда болып жатқан түрлі мысалдар арқылы жақсы мен жаманды ажыратуға үйретіп отырған. Ал бүгінгі әкелеріміз осындай сипатқа ие ме?

Халқымыз “балаңды сөзіңмен емес, үлгі-өнеге болатын күнделікті ісіңмен тәрбиеле” деген. Бірақ кейінгі еркек кіндіктілердің біразы бұл асыл сөздің қадірін ұмыт қалдырғандай. Мұны күнделікті тұрмыстан байқап жүрміз. Қазіргі ер-азаматтардың басым бөлігі жаман қылықтарға әуес. Мәселен, ішімдікке сылқия тойып алатындар көбейді. Көк түтінді будақтату әбестік болмай қалды. Жұмыстан соң құмар ойын іздейтіндер де аз емес. Жалқаулыққа, бойкүйездікке бой алдырғандардың қатары қаншама? Кейінгі уақытта отбасын асырау үшін күндіз-түні жұмыстан қолы босамай жүрген әйелдеріне жұдырық ала жүгіретіндер пайда болды. Қарап отырсаң, бүгінгінің кей ер-азаматтарына осындай оғаш мінез тән.
Теледидардан берілетін “Аялы алақан”, “Жан жылуы”, “Өзекжарды”, “Балаларға өмір сыйла” атты хабарларды көріп отырып, баласының ауру екенін білгенде бар кінәні әйеліне аударып, өздері қара басының қамын күйттеп, үйден кетіп қалатын немесе ішкілікке салынып, қаңғырып кететін әкелер өз беделдерін өздері қалай түсіргенін байқамайтынға ұқсайды.
Бірге ойнап, бірге серуендейтін, табиғат аясына алып шығып қыдыратын, әртүрлі тақырыпта әңгімелесетін әкені кім жақсы көрмесін? Сондықтан ер адамдар ұл баласының бойына ерте жасынан бастап жақсы қасиеттердi қалыптастыруы тиiс. 3-4 жасынан бастап-ақ жасаған қылықтары үшiн жауап беруге, “еркелеме, нағыз ер жiгiт олай iстемейдi, сен сабырлы болуың керек” деген сияқты өзiн-өзi қадағалау дағдыларына баулуы керек. Баланың 3-8 жасында әке сенімді серігіне, 7-18 жаста тәлімгеріне айналатыны анық. Ұл бала әрқашан бiр әрекет жасау үшiн әуелi әкесімен сырласады. Өсе келе әкесiнiң іс-әрекетін, сонымен қатар киiм киюiн, түр-сипатын, жүрiс-тұрысын қайталауды шығарады. Жақсы әке балаларының қандай іске, өнерге бейімдігін ерте аңғарып, шамасы келгенше бойындағы қасиеттерін дамытуға күш салады, қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Балаларының өмірінде не болып жатқанын, не туралы ойлайтындарын білу де маңызды.
Бабаларымыз бала тәрбиесіне қашан да бейжай қарамаған. Перзентін ертең ел қорғайтын, ұлттың намысын жыртатын азамат ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кеңдікке тәрбиелейтін болған. Бір ғана “баланы жастан” деген сөздің астарынан қазақтың бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлгенін аңғаруға болады. Баласы есейгенде атқа мінгізіп, алыстағы аузы дуалы қарттарға сәлем беріп, батасын алып кел деп жібереді екен.
Қорыта айтқанда, елдің тағдырына алаңдайтын, білімді, іскер, намысшыл, сондай-ақ, өз шаңырақтарының тірегі болатын нағыз ер-азаматтарды тәрбиелеу ісі тек ананың ғана емес, әкенің де міндеті екенін түсінуіміз керек. Бүгінгі әкелер “әке көрген оқ жонар” деген халқымыздың дана сөзін қаперіне алып, балаларға дұрыс тәрбие беруге, қоғамдағы өз рөлін төмендетпеуге тырысса екен деймін.

 

Қымбат ИСМАНОВА,
зейнеткер.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp