Ашық аспан, бейбіт өмір. Бүгінгі ұрпақ тәуелсіздікпен таңы арайлап атқан Қазақстан елінде алаңсыз өмір сүруде. Мұндай еркіндік бақытын адамзат тарихындағы ең жойқын күресте бесіктен белі шықпай еңбекке араласып, бұғанасы бекімей қолына қару алып, қасық қаны қалғанша күрескен аға ұрпақ сыйлады.
Бүгінде халқымыз ел болып адамзат тарихындағы ең басты мерекелердің бірі – Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңісті тойлады. Жеңіс үшін өмірін, жастық шағын қиған, тағдырдың ауыр да азапты тауқыметінен өткендердің арасында менің атам Қапар Жиентаев та бар.
Ол 1912 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданы (бұрынғы Сергеев) Жаулыбай (қазіргі Жаңажол) ауылында дүниеге келген. 1933 жылға дейін ұжымшарда жұмыс істеген. 1934 жылы “Тораңғыл” кеңшарында тракторшыларды даярлау курстарынан өтіп, бригадир болып қызмет жолын бастады. 1935 жылы ауылға бірінші болып трактор айдап алып келді. Сол жылы Қапар Жиентайұлы Бурабайға бригадирлер курсына жөнелтіледі. 1936 жылдан 1941 жылға дейін бригадир болады. 1941 жылдың жазында әскер қатарына шақыртылып, Семей қаласындағы қысқамерзімді даярлықтан кейін Сталинград шайқасына аттанады. Алғашқы шайқасына 32-ші атқыштар дивизиясының құрамында пулеметші ретінде кіріседі. Бірнеше рет жеңіл жарақат алып, қайта соғысқан. 1943 жылы Сталинградты қорғау кезінде қатты жарақаттанады – оқ денесін тесіп өтіп, госпитальға түседі. 1944 жылға дейін Новосибирск қаласының госпиталінде емделіп, сол жылы елге қайтып оралады.
Атамның майдандағы қиын да қилы жолын екінші дәрежелі Отан соғысы ордені, “Ерлігі үшін”, “Германияны жеңгені үшін”, “Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” медальдары және басқа да мерейтойлық марапаттары айғақтайды.
1969 жылға дейін Қапар Жиентайұлы тракторшылар бригадирі болып жұмыс істейді. Осы жылы денсаулығының нашарлауына байланысты жұмыстан босатылады.
Сөйтіп, 1972 жылдан бастап құрметті демалысқа шығады. Атам өзінің қайсар мінезі мен еңбекқорлығының, шыдамдылығының арқасында сегіз баланы өсіріп, тәрбиеледі, барлығын оқытып, жоғары және орта арнаулы білім алуына жағдай жасады.
Еңбек демалысына шыққаннан кейінгі өмірін атам біздің, яғни немерелерінің тәрбиесіне арнады. Атамның тек бастауыш білімі болса да, ол өмір бойы өз бетімен ізденіп, көп оқыды. Батырлар жырын мүдірмей, жатқа айтып отыратын. Қырғыз халқының “Манас” дастаны сүйіп оқитын шығармасының бірі еді. Оның талапшылдығының арқасында 4 жасымда әріп таныдым. 5 жасымда әліппені оқып аяқтап, есеп шығаруды үйрендім. Ауылымыздың тарихын өте жақсы білетін санаулы адамдардың бірі болған ол өзіміз тұрған өлкенің әрбір шоғының тарихынан сыр шертетін. Қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, бізді өтірік сөйлемеуге, аз сөйлеп, көп тыңдай білуге, үлкеннің алдын кесіп өтпеуге, ине-жіп ұстап, кесте тігуге, тазалыққа үйретті. “Қыздың көркі шашында, ұзын шашын өріп жүретін қыз адал ана сүтін емген, текті жердің баласы екендігін көрсетеді”, – деп үнемі айтып отыратын. Атамыздың парасатты әңгімелері біздің бойымызда руханилық, отансүйгіштік, қайырымдылық секілді қасиеттердің қалыптасуына негіз болды. Атамның асыл арманын орындай білдік деп есептеймін. Мектепті жақсы бітіріп, екі бірдей жоғары оқу орнының үздік дипломын алдық. Қамшының сабындай қысқа ғұмырда басымызға төнген қайғыға сабыр етіп, қуанышқа асып-тасып кетпеуіміздің өзі ардақты атамыздың тектілігінің арқасы деп айта аламын.
Бар ғұмырын елдің баянды болашағына, балаларының бақытына арнаған ол 1999 жылы 87 жасында дүниеден өтті. Өзі болмаса да, біз парасатты бейнесін ешқашан ұмытпаймыз, өз балаларымызға үлгі етеміз.
Наргүл БОЛЫСПАЕВА.