«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АТЫНА ЗАТЫ САЙ ШОЛПАН

Облыс орталығынан шалғайда орналасқан Тимирязев ауданындағы Дзержинское ауылы – тың игеру жылдары бой көтерген елді мекендердің бірі. Сол тұста жан-жақтағы қазақ ауылдарынан отбасылар келіп, осы жерге қоныстанған еді.

Жергілікті тұрғындар еңбектің арқасында тоқшылықта өмір сүрді, дала төсінде егіні жайқалып, өрісте малы жайылып, құт-береке дарыған ауылымыздың іргесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын күндері де сөгілген жоқ. Еңбекқор, намысшыл ауыл жігіттері өмір ағысымен шаруа қожалықтарын құрып, атакәсіппен айналысуды қолға алды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні “Райымбек”, “Аман”, “Штимо” сынды ірі серіктестіктер тұрғындарды жұмыспен қамтып, жанашырлық танытып отыр. Бірақ бұрын ауыл көркіне сән берген Мәдениет үйі, балабақша, басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысы тоқтағалы қашан.

Бүгінгі күні ауылымыздағы жалғыз мәдени-рухани орын, ол – мектеп. Ал білім беру мекемесінің өскелең ұрпаққа тәлімді тәрбие, сапалы білім беруіне алдымен мектеп директоры Шолпан Стабаеваның сіңіріп отырған еңбегінің орасан екеніне ешкім де дау айта алмайды. Ер-азаматтың көтерер жүгін арқалаған ол осы жылдар ішінде ауыл мектебінің алдымен жабылып қалмауы үшін алаңдады. Көшіп жатқандарға ақылын айтып, оларды райынан қайтарып отыратын. “Мектептің жабылғаны – ауылдың түтіні өшкені, сондықтан өзіміз, балаларымыз кейінгі ұрпақ үшін туған елдің отын сөндірмейік”, – деген сөздері көп адамдарға ой салды.  

Жергілікті билікке тұрғындардың уәжін жеткізіп, 2009 жылы мектеп жанынан “Болашақ” атты шағын орталық ашты. Бүгінгі күні ауыл бүлдіршіндері мектепке дейінгі біліммен қамтылғанына олардың ата-аналары да дән риза. Былтыр мектеп жасындағы балалары бар екі бірдей отбасын көшіріп әкеліп, өздерін жұмысқа, перзенттерін мектепке орналастырды.

Жақсы шәкірт тәрбиелеудің қиындығын ұстаздар жақсы біледі. Шолпан Зәйкенқызының әр жылдардағы оқушылары – бүгінгі күні ауыл мақтанышы. Аслан Дастанов, Мереке Нығметжанов, Георгий Дзеранов, Гүлназ Әбекеева, Шолпан Сүйінкеева еліміздің әр түкпірінде өздері таңдаған мамандықтың иесі атанып, абыройлы қызмет атқарып жүр. Отыз жылдан астам білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаз өзінің еңбекқорлығымен, адами қасиеттерімен қатар, өнегелі істерімен де көпке үлгі. Ауыл азаматтарының басын қосып, мектеп қабырғасында спорттық, қоғамдық шаралар ұйымдастырып, осылайша өскелең ұрпаққа жан-жақты тәлім-тәрбие беріп жүргеніне іштей қуанып отырамыз. Ұлттық мерекелер мен атаулы күндерді ескерусіз қалдырмай, ауыл үлкендерін, еңбек ардагерлерін арнайы шақырып, оқушыларға тағылымы мол шара өткізу игі дәстүрге айналған. Жиырма жылдан астам директорлық қызмет атқару әркімнің қолынан келмейді.

Ұстаз деген атқа лайықты екенін әлдеқашан ауылдастары алдында мойындатқан Шолпан Зәйкенқызының еңбегі жергілікті билік тарапынан да зор бағаға ие. Оған аудан әкімі, облыстық білім басқармасы, білім бөлімі атынан берілген Алғыс хаттар мен еліміздің Ата Заңының 20 жылдығына орай табысталған мерекелік медаль көп жылғы ерен еңбектің өтеуі деп ойлаймын.

Қазақта “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген ұлағатты сөз бар. Ауыл тұрғындарының арасында сый-құрметке ие Шолпан Стабаева жұбайы Қуаныш Шапайұлы екеуі тәлімді ұл, тәрбиелі қыз өсірді. Қызметте ғана емес, отбасында да үлгілі жар, ардақты ана, аяулы әже атанған өнеге иесі.

Ботагөз САЙДАЛИНА,

еңбек ардагері.

Тимирязев ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp