«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Атқа мінген жоқшы болып қалармын…

Жалғызыма қойдым сенің атыңды

(Жалғасбек Маратұлына) 

Сен – Торғайда, мен Көкшеде өскенбіз,
Сарыарқаның самалындай ескенбіз.
Ерте айрылып екеуміз де әкеден,
Ұқсас тағдыр, ұқсас тірлік кешкенбіз.

Оң мен солды біздер ерте түсіндік,
Ерте ойланып, ерте есейіп, ысылдық.
Алатаудың асқарына көз салып,
Арман құсын көк аспанға ұшырдық.

Атқан таңның арайына тамсанып,
Нұрлы өмірді, жырлы өмірді аңсадық.
Пенделіктен биік тұрып қашанда,
Шындық іздеп, шырылдадық
жан салып.

Достықты бұл қасиетті ұғым қып,
Жалғыз сөзден жанымызды ұғындық.
Пайымдасақ, сұм өмірдің сырларын,
Парасат пен Арға ғана жүгіндік.

Былық өмір батпағына батпадық,
Ар-намысты ештеңеге сатпадық.
Адам болып қалу – біздің сертіміз,
Азаматтық парызды тек атқарып.

Тайынбайтын маған төнген дауылдан,
Досым сенсің, жаны ашып, ауырған.
Орның сенің – көңілімнің төрінде,
Биік тұрсың тіпті туыс-бауырдан.

Біздің достық – таусылмайтын әңгіме,
Сол достықпен өміріміз мәнді де.
…Жалғызыма қойдым сенің атыңды –
Сол ғой саған ескерткішім мәңгіге!

Бір вагон жігітке пара-пар азамат

 

(Қуат Есімхановқа)

Болар-ау бір өзгеріс – соны аңдатып,
Қызылжар кетті-ау бүгін борандатып…
Ағатай, аттың басын қайда бұрдың,
Жүруші ең осы өңірде сонарлатып?

Дағдыңнан, дәстүріңнен аумай берік,
Жұмысқа тиюші едің жаудай болып.
Тауы аз, төбесі көп Қызылжарда
Жүруші ең өзің Жалғызтаудай болып!..

Жігерін жасығанның жанып бердің,
Жыртығын ағайынның жауып бердің.
Аспанға асқақтатып аруағын,
Ақ үйін Абылайдың тауып бердің.

Жақсы істің жолын дәйім ашып жүрдің,
Жарқырап, жұлдыздай нұр шашып жүрдің.
Өзіңе Қызылжардың қызы түгіл,
Түгелдей кәрі-жасын ғашық қылдың!

Бір өзің бір жұрттың шын қорғанысың,
Мұқалмас алмас қылыш – зор намысың.
Халқыңның Қуаты бол қайда жүрсең,
Жортқанда жолың болсын, жолбарысым!

Өмірде Қажымұраттай ерек ұлдың,
Жанында сан сапарда ере жүрдің.
Өзіңді айтушы ед ол пара-пар деп,
Бір вагон жігітіне Керекудің!

Тұрғандай мойыныма жағам жетпей,
Бүгінде тұр-ау сол бір ағам жетпей.
…Соңынан Қажымұраттың кете бардың,
Іздеген Исатайын Махамбеттей!..

Бір ғасырда бір-ақ рет туған ғой

(Кәкімбек Салықовқа)

Алты алашқа атақ-даңқың таралған
Жан болсаң да ән мен жырдан жаралған,
Жұрт жүрегін жауласа да есімің,
Елге оралу болды-ау Сізге бар арман.

Мәскеу менен Нүкіс жақты кездіріп,
Шетқақпай ғып, туған жерден бездіріп,
Бір тасжүрек тұрды-ау соған масайрап,
Сіздей Ерден сескенгенін сездіріп.

Кім болады ол, көрсетсе егер ездігін?!.
Әттең, соны Сізден басқа сезді кім?..
Жезкиікті жайратып сап, сондайлар
Тығып ұстар мылтығы мен кездігін…

Шындығы осы өткінші өмір-жалғанның.
Кеудеңізде кеткен шығар арман-мұң?..
Жалғыз жортқан Жезкиік ең өзің де
Сарыарқада сауық-сайран салған мың.

Асыл аға, қуат алып әр күннен,
Кеншілерше қаздың жырды – алтын кен.
Әкімдігің қалар тарих бетінде,
Ақындығың бірге жасар халқыңмен!

Көп әкімді кім еске алар әкім деп?
Көп ақынды кім еске алар ақын деп?
Бір ғасырда бір-ақ рет туған ғой
Өзі әкім, өзі ақын Кәкімбек!

Дүбәра ұрпақ

Замананың желі теріс ескенде,
Қызылжарда қазақ рухы өшкенде,
Жалғыз-ақ ұлт, жалғыз-ақ тіл қалад деп,
Басшы-қосшы мінберлерден бөскенде,

Қазақша оқып, нанын адал тапқан да
Түсіп сол бір құрылған тор-қақпанға,
Құланға ұқсап өз қағынан жеріген,
Өз мектебін өз қолымен жапқанда,

Еріп жұртым ерлерге емес, ездерге,
Өз тілінен өзі солай безгенде,
Ана-тілдің бітеліп ақ бұлағы,
Үні шықпай, сорлағанын сезгенде,

Қазақтығы сақталған тек өңінде
Бір дүбәра ұрпақ келді өмірге.
Оларда жоқ ұлттық намыс, тектілік,
Көмілгендей бірге тілдің көріне.

Мен оларға қараймын тым шошына –
Мағжан сенген жастарымыз осы ма?!.
Мағжан жырын оқу түгіл, қазақша
Жарамайды сөздің басын қосуға.

Бірақ та зор мұндайлардың құлқыны –
Жұмырына жұқ қылмайды жылқыны.
Арын сатып, бәрін сатып ақшаға,
Анасын да сатып кетер бір күні.

Саудаға сап, сатып алып мансапты,
Талайлары жұртымды қан қақсатты.
Қайда барсаң – дүбәралар дым сезбес,
Дауласумен діңке құртып, шаршатты!
Ақша… Билік… Санасында сол ғана.
Ел тағдырын қанша айтсаң да толғана,
Құлаққа ілмей, дүрсе қоя береді,
Қолын сілтеп, кісімсініп, долдана.

Мұндайлардың тілін кімдер тауыпты?
Қайдан тапсақ, оларды емдер тәуіпті?
Іштен шыққан шұбар жылан секілді,
Дүбәра ұрпақ төндіріп тұр қауіпті.

Мұндайларға қалай қарсы тұрарсың?
Елдік жолға бетін қайтіп бұрарсың?
…Беу, Аруақ, ұрпағыңды осындай
Төбесінен қай күні бір ұрарсың?..

 

Төрт киелі ұғым

Жүйрігімсің озған талай жарыста,
Қыранымсың көк аспанда самғаған.
Амалым жоқ – аттанасың алысқа,
Ақ батамды берем саған, жан балам:

Ұлым болсаң, ғұмырымды жалғаған,
Төрт киелі ұғымға шаң жуытпа:
Мен өзіңді сұрап алғам Алладан,
Ең әуелі бір Аллаңды ұмытпа!

Болғанымен жалпақ жұртқа аян жай,
Мықтап сіңір мәңгілікке санаңа:
Өзің үшін отқа түсер аянбай,
Алладан соң тағзым ет сен Анаңа!

Шетте қанша жинасаң да білімді,
Шығарма естен әкеңнің бұл әмірін:
Ұмытпа сен асыл ана тіліңді,
Қазақ қылып жаратқан соң Тәңірім!

Жат жұртта сол жақсы болып күтімің,
Қалып қойма, оны жұмақ-жер көріп. Туған жердің сағына иіскеп түтінін, Еліңе орал, тірек тұтар Ер болып!

Мықты болсаң…

Білсем дағы арам ойын жаманның,
Көрсем дағы дұшпандығын жасаған,
Ондайлардан өш алудан аманмын,
Іштен шалып, тас атпадым тасадан.

Жасамадым қиянат еш адамға,
Тимесін деп саған, ұлым, қарғысы.
Жәрдемдестім жақсыға да, жаманға,
Тек өзіңе дарысын деп алғысы.

Бұл сөзімді жадыңнан еш тастама,
Айтам саған өсиет қып тапсырып:
Жасау оңай жамандықты басқаға,
Мықты болсаң, жасап көрші жақсылық!

Жылқы келді, жылқы келді кісінеп,
Қос қанатты пырағым!
…Құлыншағым, кіріп жүрген түсіме,
Сен қайдасың, шырағым?..

Мен өзіңді ұмытқам жоқ әлі де,
Жүрсің жайлау – жадымда.
Бізден кеткен кемпір-шалдың бәрі де,
Жүрген шығар жаныңда?..

Сәлемін ап сен келдің бе солардың,
Жылмен бірге оралып?
Өзіңді іздеп, көк аспанды шолармын,
Түбі табам, ол – анық…

Ақ арғымақ жалына қол салармын,
Алла бұлттан жаратқан.
Атқа мінген жоқшы болып қалармын,
Жоғын іздеп баратқан.

… Құлыншағым, кіріп жүрген түсіме,
Шықшы алдымнан еркелеп!
Қашпа енді, ақ бұлттардың ішіне
Мені дағы еріте кет!…

Қызылжар теледидары

Есілдің бойында еңселі
Мұнараң аспанмен тілдескен.
Күн сайын күтеді ел сені,
Өзіңмен сырласып күн кешкен.

Жұртымды оятқан ұйқыдан,
Сен де бір ақ таңсың алаулы.
Өзіңде құлаққа сүйкімді ән,
Өзіңде отты жыр қалаулы.

Өзіңнен іздеген шындықты,
Өкпесі жоқ шығар ешкімнің.
Қуантып мұқтажды, мұңлықты,
Алғысын тек қана естідің.

Бастауын аштың да бұлақтың,
Сусынын жұртымның қандырдың!
Мезгілсіз сөнген сан шырақты,
Тағы да тұтатып жандырдың!

Өзіңсіз Қызылжар сәні не?!
Өзіңсің – Рухымның тірегі!
…Өзің боп соғады әлі де,
Ілияс* ағамның жүрегі!

Күз

Сұрқай тартып бұл өмір, сиқы қашып,
Сұм ойлармен алыстым, ұйқы қашып.
Күз қабағын ұнатпай құстар қайтты,
Қанат бұлғап, қия алмай, қиқуласып.

Ақ қайыңның шашылып жапырағы,
Суық желмен тоналып, аһ ұрады.
Айнала ұшқан төбемнен бір топ аққу
Мені қайда, қай жаққа шақырады?..

Жетті ақыры көңілсіз күз де, міне,
Жүрек жаздан күдерін үзгені де…
…Кетсем бе екен мен дағы аспанға ұшып,
Қайтқан құстың қосылып тізбегіне?..

 

Кәрібай МҰСЫРМАН. 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp