«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУА РАЙЫ ЫРЫҚ БЕРЕР ЕМЕС

Күз – ала жаздай бел жазба­ған диқандар қауымы үшін аса жауапты кезең. Биылғы орақ науқаны басталғанына он күннен асқанымен, егіннің тек 13,2 пайызы ғана орылған. Басты себеп – толассыз жауған жаңбыр.

Үстіміздегі жылы облысымыздағы егістік көлемі 4,2 млн. гектарды құрады. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар – 2,9 млн. гектар, майлы дақылдар 976,1 мың гектар жерге егілген. Картоп – 32,4 мың гектарға, көкөніс 6 мың гектарға отырғызылған болатын. Қазіргі уақытта солтүстікқазақстандық диқан­дар барлық күш-жігерді астықты жинауға жұмылдырған. Дегенмен, жауапты науқанның барысы кешіктірілуде. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қуандық Шақұбаевтың айтуынша, соңғы уақытта толассыз жауған жаңбыр диқандардың құлашты кең сермеуіне мүмкіндік бермей отыр.

– Қазіргі уақытта агроқұрылымдар ауа райының әр күнін тиімді пайдалануға тырысуда. Еңбек екі ауысымда ұйымдастырылып, жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалды. Науқанды сәтті жүргізуге қажетті жанар-жағармай тасымалында да ешқандай кідіріс жоқ. Өкінішке қарай, ауа райы ырық бермей отыр. Жауған жаңбырға байланысты бірқатар шаруашылықтарда техника тек жарты күн ғана жұмыс істеуге мәжбүр, – дейді Қуандық Нұрғазыұлы.

Диқандар бүгінгі күнге дейін 395 мың гектар алқаптың астығын бастырып үлгерді. Бұл – жалпы егістіктің тек 13,2 пайызы. Танап басында жүрген комбайндар мен жүк көліктері бүгінге дейін қамбаға 533,3 мың тонна бидайды құйды. Басқарма мамандарының айтуынша, егіннің шығымдылығы жақсы. Астықтың әр гектарға шаққандағы орташа түсімі 13,5 центнерді құрауда. Өткен жылдың сәйкес мерзімінде бұл көрсеткіш 14,1 центнер болған. Майлы дақылдардың түсімі де былтырғы көрсеткіштен кем болмайды деп күтілуде. Аталмыш дақылдардың орташа гектар берекелігі 6,5-7 центнерден айналуда.

Жаңа астық сыйымдылығы 6,6 млн. тоннаны құрайтын жергілікті астық қабылдайтын элеваторлар мен қоймаларға жеткізілуде.

Қанат АТАМАНОВ,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp