Бүкіл мұсылман қауымы асыға күтетін он екі айдың сұлтаны – Рамазанның басталуына санаулы күндер қалды. Бірақ әлемді дүрліктірген аты жаман ауру бәрімізді де қорқыныштың құшағында қалдырып отыр. Қасиетті ай қарсаңында, əсіресе, мұсылман қауымы қиындықтың беті бері қарап, қалыпты өмірге қайта қадам басуды үміт етуде. Сондықтан ауыз бекітуге ниет қылған ағайынның көкейінде түрлі сауалдың болуы орынды. Тарауық намазы, ауызашар жайлы білгісі келетіндер мешітке толассыз хабарласуда. Бәзбіреулер Рамазан айы кейінге шегеріледі деген алып-қашпа әңгімелер таратып, жамағатты жаңылыстыруда.
Рамазан айында халқымыз, әдетте, бір-бірімен қуана қауышып, мейірімділік, бауырмалдық танытып, ізгі ниет, тілектерін жеткізуге асығатыны белгілі. Алайда, қазіргі жағдай бізден, керісінше, төзімділікті, шыдамдылықты талап етуде. Үйден шықпай, бала-шағамыздың жанында қалуымыз қажет. Биыл мешіттерде тарауық намазы оқылмайды, ауызашар да берілмейді. Өйткені, төтенше жағдай талабына бағынуымыз қажет. Әркім өз шаңырағында, отбасы мүшелерімен тарауық намазын оқып, аузын ашып, сәресін ішіп, имандылық туралы әңгімелер айтып, уақытын өткізе алады. Біз осылайша жаман індеттің таралуына жол бермеуге атсалысуымыз қажет.
Тұрғындар денсаулығының қауіпсіздігі және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында мешітте өтетін жиындар уақытша тоқтатылды. Қазақ халқы бұған дейін де талай зұлмат замандарды бастан кешіп, қиындықтарды еңсерді. Сондай сындарлы сәттерде де үмітімізді үзбей, Алладан медет тілеген елміз. Ылайым уақытша сынақты еңсеретін күнге де жетеміз. Қасиетті Құран кітапта әр қиындықтың бір жеңілдігі бар екені айтылған. Ендеше, Рамазан айы жақсылықтың бастауы боларына сенейік.
Биыл Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Оразаның алғашқы күнін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығының ғылыми мәліметіне сүйеніп бекітеді. Ораза кестесі де шариғат пен ғылыми негіздерге сәйкес құрылады. Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылман бауырымыз үшін Рамазан айында ауыз бекіту – парыз. Десек те, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе және дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудың денсаулыққа зиян екенін айтса, сондай-ақ, жүкті немесе омырауында баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді. Ал қазіргі төтенше жағдай кезінде адам өз мүмкіндігін жан-жақты бағалап барып қана, ораза ұстау я ұстамау туралы шешім қабылдағаны жөн. Биылғы оразаның басты шарты осы. Ал 20 мамырдан 21 мамырға қараған түні мұсылман жамағаты мың айдан қайырлы болған Қадір түнін қарсы алса, Ораза айт мейрамы 24 мамырға келіп тұр.
Карантин кезінде халықты жігерлендіріп, иманын күшейту мақсатында насихат шараларын жүргізудің маңызы зор. Еліміздің дін қызметкерлері қасиетті парызды орындаудың жөн-жосықтары және төтенше жағдай кезінде діни іс-шараларды өткізудің тәртібін жан-жақты түсіндіруде. Мұның бәрі, әрине, қашықтан, яғни, интернет пен бұқаралық ақпарат құралдарының көмегімен жүзеге асырылуда. Алайда, кейбір әлеуметтік желі қолданушыларының Рамазан айына қатысты дәйексіз ақпараттарды жариялап жатқанын көріп жүрміз. Тексерілмеген деректермен асығыс таратылған ақпараттар, жоғарыда айтып өткенімдей, тұрғындар арасында түсінбеушілік тудыруы мүмкін. Сол себепті де біз жұртшылыққа Рамазан айы, ораза кестесі, пітір садақасы, айт күні туралы ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының және орталық мешіттің ресми сайтынан қарап, білуге болатынын айтқымыз келеді. Ал әлеуметтік желі қолданушылары діни басқарманың ресми ақпаратын жариялап, бөліскендері жөн.
Біз – жоқ-жітікке, мұң-мұқтажға қайырымдылық жасап, шарапатымызды тигізіп, алғыспенен өсіп-өнген елміз. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап діни басқарма төрағасының бастамасымен ел арасында сауапты іс-шаралар қолға алынды. Осылайша, республикамыз бойынша мешіт қызметкерлері мен қайырымды жандар бүгінгі күнге дейін 18 мыңға жуық отбасыға әлеуметтік көмек көрсетті. Бұл игі іске солтүстікқазақстандықтар да елеулі үлес қосты. Қайырымдылық шаралары қасиетті Рамазан айында да жалғасын табатын болады. Расында, адамның ең жақсысы ‒ басқаларға пайдалы болғаны, ал амалдардың ішіндегі Аллаға ең сүйіктісі ‒ адамдардың жүрегіне қуаныш сыйлау. Қоғам мейірімге, жан жадыратар жақсылыққа мұқтаж. “Жақсылықтың жақсылықтан басқа қайтарымы бар ма?” деп “әр-Рахман” сүресінде баяндалғандай, шынында да жақсылықтың қайтарымы ‒ тек жақсылық қана.
Рамазан қайырымдылық айы деп бекер айтылмаған. Өйткені, ауызашар берудің сауабы өзі ораза ұстап, Құдайға құлшылық еткенмен тең. Карантин кезінде ораза ұстаған адамдарға ауызашар берудің бірнеше қайырлы амалдарын жүзеге асыруға болады. Мәселен, тапсырыс беру арқылы ауызы берік адамдарға тамақ таратуға, сонымен қатар жағдайы төмен отбасыларға азық-түлікпен көмектесуге болады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының шешімімен биыл пітір садақаның мөлшері 370 теңге болып белгіленді. Барша мұсылманға уәжіп саналатын садақаны Рамазан айының бірінші күнінен айт намазына дейін беруге болады. Тұрғындардың пітір садақаны өтеу міндетін жеңілдету үшін қаладағы ірі сауда үйлеріне арнайы жәшіктерді орнатуды көздеп отырмыз.
Мұсылман қауымын алдағы қасиетті Рамазан айының келуімен құттықтай отырып, әр шаңыраққа бақыт, береке, амандық тілеймін. Алла әрқашан бізге жар болып, сабырымызды күшейтіп, дұға-тілектерімізді қабыл етсін!
Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,
“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.