«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ АЙШЫҚТЫ ӨЗГЕРІСТЕР

Қызылжар ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов алқап басында агроқұрылымдардың басшыларымен кездесті.

Биыл Қызылжар ауданында 249 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілмек. 900 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Әсіресе, “Ауыл – ел бесігі” және “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламаларының арқасында 750 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Бүгінгі таңда аудан орталығында жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар бесқабатты тұрғын үй салынуда. Өткен жылы ауылдарда 39 үй тұрғызылса, биыл 48 баспана салу көзделген. Алдағы уақытта оның он бесіне оңтүстіктен көшіп келген отбасылар кіреді.
Облыс әкімі Құмар Ақсақалов үстіміздегі жылы 187 ауылдағы нысандарға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтты. Әсіресе, талай жылдан бері көтеріліп келе жатқан ауылішілік жолдар жөндеу көреді.
– Облыс бойынша 74 елді мекенде ауылішілік жол жөнделеді. Осындай жөндеу жұмыстары Қызылжар ауданында 11 ауылда жүргізіледі. Өңірде 76 ауылды сапалы ауызсумен қамту мәселесі шешіледі. Бұл жұмыстарға 7,8 млрд. теңге қарастырылған. Қызылжар ауданы бойынша 13 елді мекеннің тұрғындары сапалы ауызсу тұтынатын болады, – деді өңір басшысы.
Жұмыс сапары барысында өңір басшысы “Жұмыспен қамтудың жол картасы” бағдарламасы аясында жөнделетін аудандық Мәдениет үйіне барды. 40 млн. теңгеге нысанның фойесі, көрермен және фитнес залы жөнделеді. Аудан орталығындағы №2 Бескөл орта мектебінде де күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 105 млн. теңге бөлінген. Үстіміздегі жылы облыс бойынша 100 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болса, Қызылжар ауданында 13 мектептің кемкетігі оңалады.
Осы күні өңір басшысы “Қарапайым заттар экономикасы” бағдарламасы бойынша іске қосылған “Левин” жеке кәсіпкерлігінің роботтандырылған конвейерлік желісінің жұмысымен танысты. Түрлі жиһаз жасауға бейімделген өндіріс орнында 74 адам жұмыс істейді.
Қызылжар ауданындағы Якорь ауылын дамыту жоспары да жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл елді мекендегі Мәдениет үйі мен ауылішілік жолдарды, балалардың спорт алаңы мен орта мектепті жөндеу жоспарланған.
– Облыс орталығына жақын орналасқан Якорь ауылының болашағы зор. Өзгелерге үлгі боларлықтай елді мекенге айналуы керек. Өткен жылдан бері ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуды қолға алдық. Сонымен қатар балабақшаға арналған ғимарат қайта қалпына келтіріледі. Алдағы уақытта “Якорь агро” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт фермасының құрылысын бастайды. Осының арқасында ауыл тұрғындары жыл бойы тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы жұмыс сапары барысында “СК Вагулинское” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, танап басында аудандағы агроқұрылым басшыларымен кездесті.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp