«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДАҒЫ АҒАЙЫНҒА ЖАЙЛЫ ЖАҒДАЙ КЕРЕК

Облыс әкімі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Есіл және Қызылжар аудандарына барып, ауылдардың ахуалымен, шаруашылықтардың жұмысымен танысып, тұрғындармен кездесті.

Есіл ауданында орналасқан “Атамекен Агро Корнеевка” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі 1350 бас сиырға арналған тауарлы-сүт фер­масын салып жатыр. Жобаның құны – 11,5 млрд. теңге. Жылдық қуаттылығы – 6000 тонна. “Орайын тапқанға мал шаруашылығы да – табысты сала. Мемлекет тарапынан қолдау көп, ең бастысы, сүт өнімде­ріне сұраныс мол”, – деген өңір басшысы агроқұрылым жетекшіле­рімен кездесіп, егіс науқанына да­йындық барысын сұрады.

Егіс кезінде өрт қауіп­сіздігін сақтау маңызды. Әкім Волошинка ауылдық округінде өрт сөндіру бекетінің жұмысымен та­нысты. “Пушкинское” ЖШС-ның дирек­то­ры Николай Козленко серіктестіктің екі өрт сөндіру машинасы бар екенін айтты. Қажет болған жағдайда көр­шілес аудандар мен елді мекен тұр­ғындарына да көмек көрсетеді. Дә­рігерлік амбулатория талапқа сай жабдықталған. Серіктестіктің қара­жа­ты есебінен 11 млн. теңгеге жөн­деліпті. Кадр тапшылығы жоқ. Меди­циналық қызметпен жақын маңдағы елді мекендер де қамтылған. Облыс әкіміне медициналық қызметтерді кеңейту, тіс емдеу кабинетін ашу, күндізгі стационарға арналған кереуеттер санын көбейту жөнінде өтініштер айтылды. Тұрғындармен жүздес­кенде су желісі мен жолдарды қал­пына келтіру, ауыл шаруашылығын дамыту, несие беру, жолаушылар та­сымалын ұйымдастыру мәселелері де талқыланды.

Мәдениет үйінде тұрғындар ал­дында есеп берген ауылдық округ әкімі Виталий Кочергин атқарылған іс-шаралармен қатар алдағы жос­парларын да баяндады. Округ құрамындағы үш ауылда 915 адам тұрады. Олардың дені 4 ауыл ша­руашылығы құрылымында жұмыс істейді. “Пушкинское” жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігі – округтегі ең ірі серіктестік. 18 мың гектар егістік алқабы бар, тұрақты жұмысқа 162 адам тартылған. Орташа еңбекақы – 215 мың теңге.

“Ауыл аманаты” бағдарламасы аясында асылтұқымды ірі қара әкелу жөнінде екі жоба жүзеге асы­рылмақ. “Бизнес бастау” жобасы аясында да екі тұрғын кәсіпкерлік негіздерін оқуға өтінім берген. Ағаш өңдеу бойынша екі жобаны іске қосу жоспарланған.

– Бюджет есебінен Ивано-Петровка ауылында 18 млн. теңгеге спорт кешені және 1,2 млн. теңгеге балалар ойын алаңы орна­тылды. Волошинкада ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге жоба­лық-сметалық құжат дайындалды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жалпы сомасы 8 млн. теңгеге инертті материалдар сатып алынды. Осы жұмыстарды атқаруға аудандық бюджеттен 7 млн. теңге бөлінді, – деді ауылдық округ әкімі Виталий Кочергин.

Жиында жайылымдар мен ша­бындықтардың жетіспейтіндігі айтылды, тұрғындар интернет пен ұялы байла­ныстың сапасыздығына шағым­дан­ды. Ауылдық округ аумағында 2500 га жайылым бар екен. Бұл мә­селе шешілетінін айтқан өңір бас­шы­сы аудан әкіміне интернет пен ұялы байланыс мәселесін қысқа мерзімде шешуді тапсырды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларына жем­шөп дақылдарының көлемін ұл­ғайтудың маңыздылығына тоқ­талды.

– Жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету үшін сүт фермаларын салу қажет. Жаңа үй­лер салғанда суға дейін тартып беру керек. Кей шаруа қожалықтары осы әдісті қолдана бастады, – деді Айдар­бек Сейпілұлы.

“Пушкинское” және “Дальное” ЖШС-ның басшылары Николай Коз­ленко мен Николай Плетнев мемлекеттік-жекешелік әріптестік және биз­нестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде атқарып жатқан жұмыс­тары жайлы баяндады. Ал аудан әкімі Медет Оспанов сапалы ауыз-суға байланысты туындаған сауалдарға жауап берді. Сметалық құны 5,8 млрд. теңге болатын “Преснов су құбырын қайта жаңарту” жобасы аясында 13 ауылға, оның ішінде Волошинка және Ивано-Петровкаға су тарту жоспарланған.

Өңір басшысы кездесуді қоры­тын­дылай келіп, агроқұрылым иелеріне әлеуметтік жауапкершілікті күшейтуге, адамдарды жыл бойы тұ­рақты жұмыспен қамтып, лайықты еңбекақы төлеу керектігін айтты. Ауылдағы ағайынға жайлы жағдай жасалса, көптеген мәселелер өздігі­нен шешіледі. Мемлекет инфрақұ­рылымды жаңғыртуға көмектесіп, ауыл шаруашы­лығы құрылымдарын қолдауға әзір.

Осы күні облыс әкімі Айдарбек Сапаров Қызылжар ауданына барды. Жұмыс сапары барысында Архангельск ауылдық округінің тұр­ғын­дарымен кездесіп, өтініш-тілектерін мұқият тыңдады. Түйткілді проблемалардың бірқатары сол жерде шешімін тапты.

Округ құрамындағы екі ауылда 8 кәсіпкер егін егумен, көкөніс өсіру­мен, мал шаруашылығымен айна­лысады. Мәселен, “Ер Агро” ЖШС-ы 3860 гектарға егін егіп, 400-ге жуық ірі қара өсіреді. Шаруашылық директоры Анато­лий Шушамоин орташа еңбекақы – 187 мың теңге екенін айтты. Жыл қорытындысы бойынша сыйақы төленеді. Биыл еңбекақыны 220 мың теңгеге дейін көбейту көзделген. Былтыр астық өнімділігі 16,6 центнерге жетіпті. 84362 млн. теңге жеңілдікті субсидия рәсімде­ліп, бюджетке 28416 млн. теңге са­лық төленген. Тұрақты түрде еңбек ететін жұмысшылардың саны – 37.

Ауылдықтар жолдың жайын, ауызсудың тапшылығын, қоғамдық көліктің жоқтығын айтып шағым­данды. Тұрғындарды облыс орта­лығы түгілі Бескөлге жеткізер қо­ғамдық көліктің жоқтығы назалан­дырады. Облыс, аудан орталығынан дәрі-дәрмек пен азық-түлік алу үшін жаяулап-жалпылап күре жолға шығып, көлік тоқтатуға мәжбүр.

– Ауданның әр ауылына тұрақты көлік қатынасын ашу қажет. 1 шілдеден бастап бұл елді мекенге автобус қатынауы тиіс, – де­ген Айдарбек Сейпілұлы шаруа­шылықтарға бірлесіп, “Газель” көлі­гін сатып алуды ұсынды. Ал мемлекет өз кезегінде шығынның бір бө­лігін өтейтін болады. Өңір басшысы мер­дігерлер анықталса, су тарту жұ­мыстары басталатынын айтты. Топ­тық сумен қамтамасыз етуде қиын­дықтар бар екенін жасырмады. Рес­публикалық Су комитетімен бірле­сіп, кешенді іс-шаралар тізбегі жа­сал­ған. Новокаменканың жолын жөн­деуге қажетті 116 млн. теңге об­лыстық сессияда қаралып, шеші­ле­тін болады. Архангельскінің бір кө­шесін асфальттауға да қаржылық кө­мек беріледі.

Жиында сөз алған ақсақалдар алқасының мүшесі Әлім Төлебаев 11 жылдық аралас мектеп жанында­ғы шағын орталықта қазақша топ­тың жоқтығына қынжылды. Өңір бас­шысы облыстық білім басқармасы­ның басшысына бұл мәселені 1 қыр­күйекке дейін шешуді жүктеп, тұр­ғындар мен жергілікті билік туындаған сұрақтарды бірге шешсе, кез келген мәселенің жауабы табыла­тынын айтты.

– Білім беру, денсаулық сақтау, сумен жабдықтау салаларына қар­жы жеткілікті түрде қарастырылған. Түйткілді мәселелер біртіндеп шеші­мін тауып келеді. Кей күрделі жайттар уақытты қажет етеді. Алда атқарылатын шаруалар жетіп арты­лады. Әрқайсысы рет-ретімен шешіледі, – деген өңір басшысы жеке кәсіппен шұғылданамын деуші­лер­ге 2,5 пайызбен шағын несие берілетінін атап өтті.

Мираш ӘБУОВ.

Алдияр АЙТПАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp