Роботты теледидардан ғана көретін уақыт артта қалды. Бүгіндері қазақтың қара домалақ балалары бұрын аға буынға алынбас қамалдай көрінген құлтемірді өздері-ақ құрастырып жүр.
Иә, робототехника саласы соңғы жылдары елімізде жақсы дамып келеді. Техниканың тілін меңгеруге ұмтылысы зор шәкірттер үшін IT-орталықтар ашылып, өнікті жұмыс жүргізуде. 2016-2017 оқу жылында Білім және ғылым министрлігінің мектеп бағдарламасына “Робототехника” элективті курсын енгізуі жаңашыл саланың дамуына оң серпін берді. Инновацияға басымдық беріп отырған біздің өңірімізде де құлтемірге қызығушылардың қатары қалыңдап келеді. Жақында облыс орталығында Оқушылар сарайының ашылуы талапты өрендердің робот құрастыруға деген ынта-ықыласын тіпті еселей түскені сөзсіз. Бұл орталық – қала балаларына берілген мол мүмкіндік. Бізді жаңалыққа жаны құмар ауыл балаларына жасалып отырған жағдай толғандырады. Мән-жайды Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар орта мектебінің физика және информатика пәндерінің мұғалімі Арман Есентеміровтен сұрап білдік.
Арман Маратұлының айтуынша, ауыл мектебінде робототехника курсы 2015 жылдан бері оқытылып келеді. Бастапқыда оқушыларға құлтемір құрастыруға арналған “Lego” жабдығының бір ғана жиынтығымен жұмыс істеуге тура келген. Десе де, бұл талапты жеткіншектердің жарыстардан жүлделі оралуына кедергі болмады. Сөйтіп, бір жылдан соң аудандық білім бөлімі мектепке тағы екі жиынтық сатып әперді. Бүгіндері бұл үш жабдық 15 оқушының сабақтан кейінгі ермегіне айналған.
– Мектебімізде құлтемір құрастырғысы келетін оқушылардың саны көп. Бірақ қажетті жабдық оларды қанағаттандырмай отыр. Сонымен қатар, оқушыларымыз жарыстарға өз қаражатына шығып жүр. Осы орайда, аудандық білім бөлімі қол ұшын созса, – дейді Арман Маратұлы.
Мектепте осындай мәселе бола тұра, Арман Есентеміровтің шәкірттері құлтемір құрастыруға келгенде қала балаларынан кем түспейтіндерін талай жарыстарда дәлелдепті. Жарас Тұяқ, Ақниет Уснатдинов, Бекзат Елтаев, Райымбек Шерниязов сынды білімді шәкірттерді атап өткен жөн.
Елеулі жетістіктерімен көзге түсіп жүрген жастардың бірі – Ғұмар Батанов. Арман Есентеміров бұл шәкіртінің болашағынан зор үміт күтеді. Жас өнертапқыш осыдан екі жыл бұрын Астана қаласында өткен “KazRoboSport – 2016″ атты ел біріншілігінде “Слалом” сынына қатысқан. Бір сызықтың бойынан ауытқымай жүру талап етілген бұл сайыста өреннің роботы қазылар алқасының көңілінен шығып, 2-орынға лайық деп танылды. Сондай-ақ, Ғұмар бір жылдан соң Қарағанды қаласында ұйымдастырылған “RoboLand – 2017” атты халықаралық фестивальге барып, мол тәжірибе жинақтап қайтса, биыл облыстық “Kazrobotics – 2018” жарысында “Сумо” сынына қатысты. Аты айтып тұрғандай, бұл сында құлтемірлер бір-бірін сумошы балуандар сияқты шеңберден ығыстырып шығуы керек. Бұл жолы да Ғұмардың роботы топ жарды.
– Петропавл қаласында салынған Оқушылар сарайы жасөспірімдерге зор мүмкіндіктер сыйлайтын орталық екені айдан анық. Жақында мұнда ел біріншілігі ойдағыдай өтті. Осындай ауқымды шараға қатысқанымды мақтан тұтамын. Жалпы, робототехникамен үш жыл айналысып келе жатқан менің ұстазыма деген алғысым шексіз. Құлтемірді құрастыру үшін математика, геометрия, физика, информатика сияқты пәндерді жақсы білуің керек. Демек, бұл курс білімді жетілдіруге септігін тигізеді. Елімізде техникалық мамандықтарға сұраныс жоғары екенін ескерсек, курстың бізге берері мол, – дейді Ғұмар Серікұлы.
“Болам деген баланың бетін қақпай, белін бу” демекші, Ғұмар сияқты талабы таудай ауыл балаларына қолдау көрсету маңызды. Қабілетті ұрпақ ертеңдері тұрмысымызды жеңілдететін роботтар жасап жатса, ғажап емес пе?! Мемлекет басшысы үстіміздегі жылдың басында жарияланған “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында “Оқытудың мазмұндылығы заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету арқылы үйлесімді түрде толықтырылуға тиіс”, – дей келіп, цифрлық білім беру ресурстарын одан әрі дамыту қажеттігін айтқан болатын. Бұл міндет жүзеге асса, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы білім сапасы көрсеткіші теңесетіні айдан анық.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ, “Soltústіk Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.