
Тимирязев ауданындағы Құртай ауылдық округіне қарасты Жарқын ауылында дене шынықтыру және сауықтыру кешені ашылды. Салтанатты шараға облыс әкімі Ерік Сұлтанов қатысты.
Өңір басшысының бастамасымен және қолдауымен аталмыш кешеннің құрылысы өткен жылы қазан айында басталған болатын. Оны Сұлтанбек Газдиев басқаратын “Севимсталькон” ЖШС мен “Мамонтов” ЖК-нің құрылысшылары жүзеге асырды. Серіктестік директоры Сұлтанбек Мұстафаұлының айтуына қарағанда, құрылысқа тек қана отандық материалдар, нақтырақ айтқанда, негізгі қаңқасына “Жылдам тұрғызылатын ғимараттар зауыты” ЖШС-нің болат құрылғылары, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-нің өнімдері пайдаланылған. Пластикалық терезелер мен есіктер де облыс орталығындағы фирмаларда шығарылған. 800 шаршы метрден астам аумақты алып жатқан нысанда баскетбол, волейбол, шағын футбол ойнайтын стандартты зал, кешеннің екінші бөлігіндегі бірінші қабатта жаттығу жасайтын, теннистен, шахмат-дойбыдан, тоғызқұмалақтан жарыс өткізетін бөлмелер, екінші қабатта күрес залы орналасқан. Талапқа сай жылы дәретханасы мен душ бөлмесі де бар. Көпбейінді кешен қасындағы орта мектептің бу қазандығымен жылытылады.
Ерік Хамзаұлы салтанатты рәсімде осынау шараға жиналған әйелдер қауымын көктемнің алғашқы мерекесімен құттықтап, олардың отбасыларына татулық пен игілік, береке мен бірлік, мықты денсаулық тілей келіп:
– Елбасы жергілікті атқарушы органдарға ауылдық жерлерде бұқаралық спортты барынша дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытта Қызылжар өңірінде біраз шаралар жүзеге асырылды, спорт алаңдары ашылды. Облыс орталығында жабық мұз айдыны, велобазасы болатын әмбебап заманауи спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның орталығында демеушілік көмекпен жүзу бассейні бар спорт кешені пайдалануға берілді. Бүгін, міне, өз ауылдарыңызда жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша дене шынықтыру және сауықтыру кешені іске қосылып отыр. Бұл нысан да бюджеттің қаржысына емес, демеушілік көмектің арқасында тұрғызылды. Осы тұрғыда облыс орталығындағы құрылысшы, кәсіпкер Әлімжан Ысмайыловтың, осы нысанды 5 айдың ішінде іске қосуға ерекше еңбек сіңірген “Севимсталькон” ЖШС-нің директоры Сұлтанбек Газдиевтің есімін ерекше атағым келеді. Бұл нысан клубы жоқ ауылға жылжымалы сахна қою арқылы мәдениет ошағының міндетін де атқаратын болады. Сондықтан осынау кешенді мәдениет және спорт орталығы деуімізге де болады. Игіліктеріңізге пайдаланыңыздар. Осындай жұмыс облыс бойынша әрі қарай жалғасатын болады. Елбасымыз айтқандай, бұқаралық спорт – ұлттың денсаулығы, біздің табысты болашағымыздың негізі, – деді. Ерік Хамзаұлы сөз соңында аудандық спорт бөліміне доптар жиынтығын тарту етті.
Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанай Байғожин, жапон күресінен спорт шебері Еркебұлан Құрманов Елбасының салиқалы саясатына ризашылықтарын жеткізе отырып, осынау игілікті іске бастамашы болған, оның жүзеге асырылуын жіті қадағалаған облыс әкімі Ерік Сұлтановқа шынайы алғыстарын білдірді.
Тұсаукесер рәсімінен кейін облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен еңбек ардагері Айбас Омаров бастаған зиялы қауым кешенді аралап, аяқталған құрылыс нысанымен танысты.
Бұл күні Тимирязев қазақ мектеп-интернатының, Дмитриевка, Интернационал және Жарқын орта мектептерінің құрама командалары баскетболдан сынға түсті, балуандар қазақша күрестен боз кілемде күш сынасты.
– Ауылымызда 96 отбасы, 400 тұрғын бар. Екіқабатты мектептің спорт залы, ауыл жастарын айтпаған күннің өзінде, әртүрлі секциялар өткізуге оқушылардың өзіне тарлық ететін. Енді шахмат-дойбы, тоғызқұмалақ, теннис секцияларын өткізетін арнайы кабинеттеріміз бар. Тимирязевтік жаттықтырушы Асылбек Байлин жергілікті жеткіншектерді аптасына екі рет қазақша күреске баптайтын болады. Жаттығу құрылғылары қойылған бөлме қазірдің өзінде оқушылардың сүйікті орнына айналып үлгерді, – дейді Жарқын орта мектебінің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Әділхан Қажыбаев.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.