«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ауылдағы халық театры

Кеңес өкіметі тұсында қазақ ауылдарында театрлар ашылып, халыққа мәдени қызмет кеңінен көрсетіле бастады. Жамбыл ауданындағы Айымжан ауылында жұмыс істеген клуб солардың бірі еді. Ол 1969 жылы халықтық театр атағына ие болып, рухани мәдениеттің дамуына игі ықпал етті. Ауыл тұрғындарының сүйікті орнына айналған театр жергілікті өнер шеберлерінің шығармашылық қызметінің деңгейін өсіріп, сахналық шеберліктің кемелденіп өсуіне жол ашты. Серке Мырзажанов, Еркебұлан Әбікенов, Амантай Борлықбаев, Шаяхан Сүйіндіков сынды өнерпаздар қойған әр спектакльді ауыл тұрғындары асыға күтетіні әлі күнге дейін есімде.

Кеңестік жүйеде өмір сүрген талантты ұл-қыз­дарымыз зор атақ пен марапаттарға, жүлделі орындарға ие болып, туған елі мен ауылдастарының абыройын асырды. Мәселен, Лениннің 100 жылдығында алты өнерпазымыз медальмен марапатталды. Ал 1972 жылы КСРО-ның 50 жылдығына орай Айымжан халық театры мерейтойлық еңбек аттестатына ие болды. Өнері өмірімен ұштасқан Мақпуза Байсарина, Үсен Мақанов пен Тойған Ізімова бүгінде республика көлемінде өнер көрсетіп жүр.

Жетпісінші жылдардағы ауыл театрының өмірі тақырыптық бағыт-бағдарымен, сахналық жанрының әр алуандығымен ерекшеленді. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселелеріне арналған төл пьесалар қою ісі одан әрі жалғасын табумен қатар, шетел драматургиясының туындылары да сахналанды. Осы заман тақырыбына арналған С.Жүнісовтің “Ажар мен ажал”, Ғ.Мүсіреповтің “Қозы көрпеш – Баян сұлу”, Б.Майлиннің “Шұғаның белгісі”, М.Әуезовтің “Түнгі сарын”, С.Шаймерденовтің “Дөкей келе жатыр” пьесалары бойынша спектакль қойылып, олар театрымыздың ең таңдаулы қойылымдарына айналды. Ал актерлеріміз болса, баға жетпес сахналық шыңдалу мектебінен өтті.

Жолаушы ӘЛЖАНОВ,

зейнеткер.

Жамбыл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp