“Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды” дегендей, қоғамда, айналаңда болып жатқан келеңсіздіктерді көрген көзде, естіген құлақта жазық жоқ. Бұған дейін оқырмандарымыз ысырапшылдық жайында жазған біраз мақалаларымызды оқыған болар. Ол кезде өлім-жітім кезінде орын алатын ысырапшылдық жайында айтқанбыз. Бұл жолы әңгіме той төңірегінде өрбиді. “Өзге тойды тойламасаң тойлама, екі жастың бақыт тойы тойлансын”, деп бар жиған-тергенін балалардың үйлену тойына шашатын қазекем соңғы кезде жаңа үрдіске бой алдырып барады. “Бәленшеден қаламыз ба, біз де бір мақтанайық, аянбай барымызды салайық, жетпесе, несие алайық…” дегендей, кейбір ағайындар ауылда тұрса да, қаладағы қымбат дәмханалар мен мейрамханаларда той өткізуді әдетке айналдыруда. Жақында мен де сондай тойдың куәгері болдым. Ауылда тұратын бір танысым ұлының үйлену тойын қалада өткізді. “Соншама ақша шашып, қайтесің, одан да сол жиынды үйде жасамайсың ба, қазір бәрі қымбат”, – деген менің сөздерімді құлағына да ілмеді. Керісінше, “құдалардан ұят болады” дейді, ал қонағасын беру үшін арнайы коттедж жалдағанына не дерсің?!
Сонда мұны қалай түсінуге болады? Ұрпақ өрбітіп, алтын бесікке балаған ауылда той өткізу бүгінде ұят болып қалған ба? Әлде қалтаға сыймай жатқан қаражаттың көптігі соншалық, ауылды менсінбей, бір орынның өзі 5-10 мың теңге тұратын қала дәмханаларына аңсарымыз ауып тұр ма? Бұл мақтаншақтық па, әлде тағы да сәнге енген бақталастықтың бір түрі ме?
Қаладағы сол тойды дүркіретіп тұрып ауылда да өткізуге болады. Елден қалмаймыз деп, алақайлап, қаншама ақшаны желге шашқанша, үнемдеп жиналған қаражатты жас жұбайлардың бір керегіне жаратса, дұрыс болар деп ойлаймын.
Үйге құлып салып, артынып-тартынып, қалаға барып, қымбат дәмханада той тойлап, шаршап-шалдығып, көк тиынсыз ауылға қайтқанның несі сән? Одан да ауыл болып қазан көтеріп, бауырсақ пісіріп, қымыз сапырып, арқан тартып, жастарға алтыбақан құрып, мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жандандырып, рухани байлығымызбен мақтансақ тойдың мәні де, сәні де осы емес пе?!
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.