«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛДЫҢ АРДАҚТЫСЫ

Еліміздің өткеніне ойша көз жіберсек, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдары еске түседі. Қан майдандағы жауынгерлер де, тылдағы еңбеккерлер де бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бүкіл ел, ауыл-аймақ болып, Жеңіс үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Майдан мен тылдың біртұтас қимыл-әрекеті Жеңіске жеткізді. Тыл еңбеккерлерінің еңбекқорлық, елжандылықтарын қастерлеп, дәріптеу, өскелең ұрпаққа үлгі ету – бізге парыз. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: “Тылдағы еңбек болмаса, майданда жеңіс те болмас еді” деген еді ғой.

Балғын балалық шақтарын кешегі 1927-1932 жылдардағы ашаршылық, 1941-1945 жылдар аралығындағы Ұлы Отан соғысының өрті шарпыған жандар қаншама?! Тағдыры тарихтың таразысына түскенімен, мойымай, небір қиындықты бастан өткерсе де, ұрпақтарының алдында олар еңсесін биік ұстай білді. Сол зұлмат жылдардың тірі куәгерлеріндей жандарға қандай қамқорлық, құрмет көрсетсек те, артық емес. Сол аталарымыздың арқасында біз бүгін бақытты ғұмыр, салтанатты тірлік кешіп отырмыз. Қайролла қажы Қасымов ақсақал – сол зұлмат жылдары дүниеге келген жандардың бірі.

81 жастағы атамыз әлі сергек, сөзі анық, әңгімесі қанық. – Тылдағы тауқымет жеңіл болған жоқ, қарағым, – деп әңгімесін бастады. – Мен 1933 жылы 5 мамырда Көктерек ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Қасым соғыс басталғанда ел қатарлы Отан қорғауға аттанған болатын. 1942 жылы қолынан жараланып, елге оралды. Ауылдағы диірменде жұмыс істеді. Шешем Жақай Құрманғалиқызы да жұрт қатарлы еңбек етті. Ол кезде қандай балалық шақ болды дейсің, қарағым. 8-9 жастан колхоздың жұмысына араласып, соқа айдадық, егін біткесін шөп дайындастық. Лобогрейкамен жұмыс істеп, атқа да, өгізге де міндік. Көктеректегі төртінші сыныпты бітірген соң бесінші сыныпты Ленин орта мектебінде оқыдым. Түрлі қиындықтарға байланысты екі-үш жыл оқи да алмадым. Әскерге шақырылуыма байланысты 9-сыныпта бір ай ғана оқыдым. Зайсан қаласының маңайындағы шекарада әскери міндетімді ойдағыдай атқарып, “Үздік шекарашы” да атандым. 1955 жылдың 9 қазанында елге оралдым. Ол кезде отбасымыз Ленин ауылына қоныс аударған еді. Оқуымды әрі қарай жалғастыра алмайтын болғандықтан, Гурьевтегі (қазіргі Атырау қаласы) әкемнің інісі Ысқақ Иманқұловқа барып, аздаған уақыт қолында болдым. Ол кісі М.Өтемісұлы атындағы драма театрында әртіс әрі әнші болатын. Гурьевте жүргізушінің оқуын оқып, 1957 жылы елге келдім. Елге келген соң отбасын құрдым. Он жылдай жүргізуші болып, тоғыз жыл машина ауласының меңгерушісі, кейін жеті жыл гараж меңгерушісі болып жұмыс істедім. “Ащы тердің тәтті дәмі бар” деген емес пе, жұмысымның жақсы жүріп жатқанын ескеріп, кеңшар басшылары мені 1979 жылы Бүкілодақтың халық шаруашылығы жетістіктерінің көрмесіне де жіберді. Денсаулығым сыр берген соң, гараж меңгерушілігінен жанар-жағармай базасына ауыстым. Онда 15 жыл еңбек етіп, 1997 жылы зейнет демалысына шықтым. Зейнеткерліктен кейін де үш жыл жұмыс істедім. 2001 жылы балаларымның арқасында солардың көмегімен қажылыққа бардым. 2008 жылдың 11 шілдесінде аудандық мешіттің имамы Шопан қажы Жолкенұлы біздің Ыбыраев ауылында мешіт ашты. Сол уақыттан бері мешітте жұмыс істеп келемін, жанымда көмекшілерім бар. Алғашында мешіт ғимаратын сатып алуға жетпеген 700 мың теңгені жерлесіміз, жеке кәсіпкер Қайрат Қадыралин бергенін, әлі де көмектесіп жүргенін айта кеткенім жөн. Халықтан, елден 900 мың теңге жиналды. Намазхандарымыз бар. Каникул кезінде ниет еткен балаларға намаз, Құран оқуды үйретіп, имандылыққа тәрбиелейміз. Көмекшілерім Думан Шалов, Қайыржан Қошқарбаев, Бейбіт Балтабековтердің көмектері көп, бәріміз бірігіп, біраз жұмыс атқарамыз. Мешіттегі садақадан түскен ақшадан тұрмысы төмен отбасыларына көмек көрсетеміз, бірінші сынып оқушыларына жаңа оқу жылында сыйлық жасадық”, – деп біраз мәнді де мағыналы әңгіме айтты.

“Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма? – деген сұрағыма: “Әрине, толады. Жастардың тәртібі жақсы, амандықтары дұрыс, мектеп оқушылары анадайдан көрсе, жүгіріп келіп, амандасып жатады. Жастардың, әсіресе, имандылыққа бет бұрғандарына ризамын”, – деп жауап берді. Атаның Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан келген комиссия алдында емтихан тапсырып, алған имамдық куәлігі де бар екенін білдік.

Тыл ардагерінің “Еңбек ардагері”, “1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл”, “1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл” мерекелік медальдарының иегері екендігін, бұдан басқа да біраз марапаттары барын көрдік. Бүгіндері ұлы – ұяда, қызы қияда дегендей, әрқайсысы өмірден өз орындарын тауып, еңбек етуде. 2007 жылы Қазия апа екеуінің шаңырақ көтергендерінің 50 жылдық мерейтойларына балалары “Нива Шевроле” автокөлігін сыйға тартыпты.

Қайролла қажы ақсақал мен Қазия апа кіші ұлдары Серік пен келіндері Мәншүкпен бірге тұрып жатыр. Жігер, Шыңғыс, Мәдина, Қасымхан атты немерелерінің ортасында отырған ақсақал жапырағы кең жайылған мәуелі бәйтерек сияқты.

Қадірменді атамыз шаруашылықпен айналысқанды, әсіресе, көктем шыға ауласындағы бақшада еңбек етіп, көкөніс, жеміс- жидек егіп, баптағанды жақсы көреді. Қазақта “Жер басқаның не керек, айтар ісің болмаса” деген сөз бар. Міне, осындай мақтан тұтар ісі бар, еңбегі адал, білімді, халқына шапағаты тиіп жүретін Қайролла қажы қариядай адамдар көп болғай.

Айнагүл ҚАБДІЛМАНҚЫЗЫ,

журналист.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp