«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АУЫЛЫМНЫҢ ТҮТІНІ ҚЫМБАТ МАҒАН”

“Көрдің бе, Қазақстанда кез келген қазақтың баласы мені танымаса да, жаныма келіп, қол беріп амандасады. Ал Германияда маған қай бала осылай құрмет көрсетіп еді?”. Осыдан көп жыл бұрын балаларын тарихи Отандарына апарып орналастыру үшін көшіп кеткен Борис Фельдман үнемі қасында жүретін зайыбы Эльзаға осылай тебіренеді екен. Жыл сайын Жамбыл ауданындағы Благовещенка ауылына келіп, мауқын басып, тамыр-таныстарының үйінде аунап-қунап, көзі тірі қатарластарымен күңкілдесіп, сыр шертісетін. Ақыры оған топырақ Қазақстаннан бұйырды. Жұбайын қазақ жерінің қара қойнына тапсырған зайыбы Эльза да Қазақстанға қайта көшіп келіп, бір үйде жалғыз өзі түтін түтетіп отыр. “Ат айналып қазығын табар, ер айналып елін табар” деген қазақ халқы кіндігіміз байланған туған жерден жыраққа кетіп өмір сүру екінің бірінің қолынан келе бермейтіндігін білген-ау.

1997 жылы 25 жасында ата-анасына еріп, Германия асқан тайыншалық Владимир Воробьев те бүгін қазақстандықтардың санын көбейтіп отыр. Алты жылдай өмір сүрсе де, тарихи Отанын жерсінбеген ол 2000 жылдардың орта тұсында Қазақстанға біржола көшіп келіпті. Ата-анасы, бауырлары сонда қалыпты.

– Менің бұл қалауыма туыстарымның бірі де қарсылық танытпады. Себебі, әу бастан менің Германияға бауыр баса алмайтындығымды түсінген еді. Сол жақта өмір сүрген уақыт ішінде өзімді үйде жүргендей сезіне алмадым. Қонақта жүргендей күй кештім. Жат жер Отаның бола алмайды екен. Соны түсіндім. Елге орала сала, жеті өлшеп, бір піше келіп, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға бел будым, – деген Владимир Воробьев “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” арқылы кредит алып, жартылай дайындалған өнім өндіретін цех ашыпты. Қазіргі таңда қарамағында екі кісі жұмыс істейді екен. Ал цехты толық қуатында іске қосқанда 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

Кіндік қаның тамып, туып-өскен мекеніңді, табаның тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көру адамның табиғатына тән дүние.

Сүйем сені туған ел – атамекен.

Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.

Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,

Сенен артық не табам, қайда кетем, – деп Қасым Аманжолов жырлағандай, туған жердің тынысы бөлек екенін шетке шыққанда ғана түсінетіндігіміз шындық.

“1990 жылы жұмыс барысымен Белоруссияға бардым. Мен тоқтаған қонақүйге сол елде тұратын құрбыларым келіп, біраз әңгіме-дүкен құрдық. Құрбыларымның бірі: “Сен Қазақстаннан келдің ғой. Қазақша ән білесің бе?” – деді. “Әрине, білемін”, – деп қазақ әндерін бірінен соң бірін орындадым. Сол кезде есік қағылды. Ашсам, иықтарына екі кісі мінгендей еңгезердей орыстың жігіті тұр. “Жаңа дәлізде келе жатып, қазақ әнін естіп қалдым. Сіздер айтқан жоқсыздар ма?” – деп сұрады. Таңданысымды жасыра алмаған мен: “Иә, тыныштық па?” – деп кері сұрақ қойдым. “Түсінесіз бе, мен Қазақстанның Павлодар облысынан осы жаққа іссапармен келіп едім. Жат жерде қазақ әнін естігенде тұла бойымды елге деген сағыныш билеп кетті”, – деді әлгі бейтаныс жігіт. Бұдан шығатын қорытынды: елдің шекарасынан аспай жатып, Қазақстанның біз үшін қаншалықты қымбат екенін бәріміз бірдей түсіне бермейді екенбіз”, – деді “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Диляра Хасанова.

“Туған жердің басы болмасам да, сайының тасы болайын” деген халық тәрбиесі қоғамдық санаға әсер етпей қоймайды. Жастық желік басылып, арындаған орта жастан асқаннан кейін елден тысқары жүрген кез келген адам туған жерінің әр тасын сағынады. Елге деген сағынышты үдететін естеліктер жеті қырдан ассаң да жаныңнан бір елі қалмасы анық. Сол кезде:

“Ауылымның түтіні қымбат маған,

Қымбат маған белдері күн қақтаған, туған жер!” – деп әндетері де сөзсіз.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp