«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛҒА ҚАЖЕТ МАМАН ДАЯРЛАЙДЫ

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жұмысының бір бағыты – кәсіби дайындықты жетілдіру, мамандарды қайта даярлықтан өткізу, біліктілікті арттыру бойынша білім беретін мекемелердің тізімін жасау. Қазіргі уақытта облысымызда кәсіби білім беріп, қайта даярлайтын 33 оқу орталығы бар. Осындай мекеменің бірі Жамбыл ауданында орналасқан.

“Тұлпар” оқу орталығы 2007 жылы құ­рылған. Осы уақыт аралығында мұнда ауылға қажет жүздеген кәсіби маман білік­­тілігін арттырды. Олар ауданда ғана емес, сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерінде де табысты еңбек етуде. Қазіргі уақытта ор­талық нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында көлік жүргізушісі, тракторшы, шаштараз мамандарын даярлайды. Былтыр олардың қатарын “Бухгалтер” курсы толықтырды.
Оқу орталығының басшылығы сұра­нысқа ие жаңа мамандыққа оқыту үшін сала өкілдерін жұмысқа тартты. Атап айтқанда, аудан әкімдігінің бұрынғы бас есепшісі Светлана Братчикова, салық органдарында көп жыл еңбек еткен Нұрсұлу Әбілмәжінова және аудандық мәслихаттың өкілі Алмагүл Әбікенова қысқамерзімді курстар­ды жүргізіп, шәкірттерге “1С” бағдарламасымен жұмыс істеуді үйретті. Нәтижесінде бухгалтер мамандығын меңгеріп шыққан 18 үміткердің бесеуі бірден жұмысқа орналасты.
Автомектепте көлік жүргізуді үйренем деушілер теорияны тәжірибемен ұштастырады. “Тұлпар” оқу орталығында барлық жағдай жасалған. Жол қозғалысы ережесі сыныптары мен зертханалық-тәжірибелік кабинеттер қажетті құралдармен жабдықталған. Мұнда жаттығу құрылғылары, ин­терактивті тақта, арнайы автодром бар. Жергілікті мамандар үш ай оқу барысында жол қауіпсіздігі ережелері мен техникалық қызмет көрсету пәндерін де оқиды.
Бұдан бөлек, “Тұлпар” оқу орталығы ауылдарға ең қажетті мамандықтардың бірі – тракторшыларды да даярлайды. Кешкілік уақытта Юрия Косинова қатысушыларға жол жүру ережесі бойынша теориялық сабақ берсе, күндізгі уақытта басқа мамандар трактор жүргізуді үйретеді. Орталық басшылығы жергілікті “Агротехника-Жамбыл”, “Ақ-Жол” және “Дания – 2014” жауапкерші­лігі шектеулі серіктестіктерімен және “Туған жер” шаруа қожалығымен келісімшартқа отырған. Қажет болған жағдайда орталық шәкірттері бұл агроқұрылымдардағы ауыл шаруашы­лығы техникаларында тәжірибелерін шыңдайды. Мамандық алған ауылдықтардың бірқатары аталмыш серіктестіктерге жұмысқа орналасты. Тағы алты шәкірт басқа шаруашылықтарда еңбек етуде.
Оқыту орталығында білім алғандардың бірі – Александр Сидоренко. Ол қысқа уақыт ішінде трактор тізгіндеудің қыр-сырын меңгерді.
– Алысқа бармай, өзімізде оқуға мүмкіндік туып отырғанына ризамыз. Кәсіпті осындағы оқу орталығында қаражат шығармай, уақытымызды шығындамай меңгере ала­мыз. Барлық жағдай жасалған, тек ынта қо­йып оқысаң болды, – дейді Александр Си­до­ренко.
2019 жылы “Тұлпар” оқу орталығы Қазақстандағы көшбасшы кәсіпорындардың жетілігіне енген болатын. Үздіктер қаржы­лық-экономикалық талдаудың қоры­тын­ды­сы бойынша анықталды. Сөйтіп, солтүстік­қазақстандық оқу орталығы ел бойынша “Алтын рейтингте” жоғары орынға ие болды.

Олжас ӘБІЛМАЖИНОВ,
облыстық кәсіпкерлер  палатасы Жамбыл аудандық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp