
Қызылжар ауданындағы “Зенченко және К” КС – бір, ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның “Нежинка-Ерке” ЖШС екі-үш “АН-2” ұшағын сатып алып, егістік алқапқа әуеден химиялық өңдеу жұмысына пайдаланып жүргеніне де бірнеше жылдың жүзі болды. Мүсіреповтік серіктестік ұшақтың біреуін жергілікті оқушыларды парашют спортына баулу көлігіне айналдырып та көрді. Алайда, қазіргі техниканың қарыштап дамыған заманында көзге қораштау көрінсе де, санадан ғайып бола бастаған ұшақтардың он шақтысының Новоишимка ауылының бір шетінде орналасқанын естігенде қызығушылық таныттық.
“Сәлем” авиакомпаниясы” АҚ-ға қарайтын “АН-2” ұшақтары аудан орталығының оң қапталындағы кең жазыққа орналасқан екен. Әуежайдың айналасы талапқа сай қоршалған. Он ұшаққа қажетті ашық тұрақ жасалған. Компания президенті Анатолий Лугининнің айтуына қарағанда, ұшып-қону алаңының ұзындығы нормадан екі еседей артық, шамамен 1600 метрді құрайды. Әуежай аумағында 30 орындық асхана, 6 орындық монша-сауна, төрт бөлмеден тұратын 22 кісілік қонақүй салынған. Олардың іші-сырты еуропа үлгісімен безендірілген. Әуежайда стандартқа сәйкес келетіндей етіліп әйнекті бақылау қосыны жасалып, байланыс жасау мұнарасы орнатылған. Аталмыш нысандар шағын екі жел генераторы мен он дана күн батареясы арқылы өндірілетін электр қуатын пайдаланады.
– Аталмыш ұшақтарды Көкшетау әуежайынан сатып алып, Новоишимка ауылына орналастырғанымызға екі жылдай болды. Олардың бәрі де техникалық бақылаудан өткен, арнайы сертификаттары бар. Жеті ұшақ егістік алқаптарды әуеден химиялық өңдеуге пайдалануға арналған. Жазғы дала жұмыстары басталар кезде республика аумағындағы арнайы құжаттары бар ұшқыштар мен техниктерді келісімшарт бойынша жұмыс істеуге шақырамыз. Бізде еңбек етуге ниет білдірген ұшқыштар бір жарым, техниктер екі айдай уақыт біздің компанияның құрамында болады. Біздің әуежайда олар үшін барлық жағдай жасалған. Шалғай агроқұрылымдарда еңбек ететіндер іссапар кезінде жайлы жатын орынмен және ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Оған компания жауап береді, – дейді Анатолий Александрович.
Уәлиханов, Ақжар және Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың егістік алқаптары географиялық жағдайларына, яғни ормансыз алқаптардың көптігіне байланысты әуеден химиялық өңдеу жүргізуге өте қолайлы. Сондықтан сол жердегі агроқұрылымдар химиялық өңдеуді дер кезінде өткізу үшін әуе көліктерінің қызметін пайдалануға мүдделі. Петропавл, Қостанай, Орал және Көкшетау қалаларынан келісім бойынша шақырылған ұшқыштар өткен жылы Ақжар, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың агроқұрылымдарында еңбек етіп, егістік алқаптарды химиялық өңдеуден өткізген.
Әуе көлігінің біреуі – жолаушылар тасымалдауға арналған ұшақ. Ол он екі орынды.
– “АН-2” ұшақтары кезінде пошта, жолаушылар мен жүк тасымалдауға, медициналық көмек көрсетуге облыс аумағында кеңінен пайдаланылғанын білеміз. Қызмет түрлерін көбейтуге талпынып отырғанымыз да сондықтан, – дейді компания президенті.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕРДЕ: компания басшысы А.Лугинин; әуежайдағы ұшақтар.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.