“Ауыл” халықтық-демократиялық патриоттар партиясының облыстық филиалы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері тақырыбында келелі жиын өткізді.
Жиынға “Ауыл” ХДПП-ның төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевтың Үкіметке жолдаған депутаттық сауалы негіз болған. Бағдарлама екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанымен, жетілдіруді қажет ететін тұстары жоқ емес. Түрлі жобалардың басын біріктіріп, мүдделі ведомстволардың жұмысын үйлестіру жағы жетімсіз. Осы себепті “Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бір тармағы секілді көрінеді. “Елді мекендерге қатысты толғақты мәселелердің бірі – жұмыс күшінің жеткіліксіздігі, білікті мамандардың тапшылығы. Жастарға озық бағдарлама-жобалардың артықшылықтары мен жетістіктері жете түсіндірілмегендіктен, олар ауылда тұрудан қашқақтайды”, – дейді партияның облыстық филиалының жетекшісі Темірғали Әбілмәжінов.
Партия мүшелерінің айтуынша, мұндай кездесулер барлық өңірлерде жалғасын таппақ. Аққайың ауданы Шағалалы ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы ұжымымен, аудандық партия ұйымдарының өкілдерімен өткен “дөңгелек үстел” отырыстарында республикалық саяси ұйым төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов көпшіліктің ойларын біліп, ұсыныстарын тыңдауға әр кез әзір екендіктерін білдірді.
“Ауыл” ХДПП облыстық филиалының баспасөз қызметі.