«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттар партиясының /ХДПП/ облыстық филиалы Ауыл – ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері тақырыбында келелі жиын өткізді.
Оған «Ауыл» ХДПП-ның төрағасы, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаевтың Үкіметке жолдаған депутаттық сауалы негіз болған. Бағдарлама екі жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанымен, жетілдіруді қажет ететін тұстары жоқ емес. Түрлі жобалардың басын біріктіріп, мүдделі ведомостволардың жұмысын үйлестіру жағы жетімсіз. Осы себепті «Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының бір тармағы секілді көрінеді. «Елді мекендерге қатысты толғақты мәселелердің бірі – жұмыс күшінің жеткіліксіздігі, білікті мамандардың тапшылығы. «Жастарға озық бағдарлама-жобалардың артықшылықтары мен жетістіктері жете түсіндірілмегендіктен, олар ауылда тұрудан қашқақтайды», – дейді жергілікті филиал жетекшісі Темірғали Әбілмәжінов.
Партия мүшелерінің айтуынша, мұндай кездесулер барлық өңірлерде жалғасын таппақ. Аққайың ауданы Шағалалы ауылшаруашылық тәжірибелік стансасы ұжымымен, аудандық партия ұйымдарының өкілдерімен өткен «дөңгелек үстелде» республикалық саяси ұйым төрағасының орынбасары Қайрат Айтуғанов көпшіліктің ойларын біліп, ұсыныстарын тыңдауға әркез әзір екендіктерін білдірді. Оның пікірінше, «Ауыл – ел бесігі» жобасында ауылдықтар үшін тиімділігі жоғары әлеуметтік жағдайлар жасаудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылған. Осы орайда, «Еңбек», «Бизнестің жол картасы – 2025», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» сияқты мемлекеттік бағдарламаларын тиімді пайдалана білудің маңызы зор.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірде былтыр 1,9 млрд. теңгенің 21 жобасы іске қосылса, биыл 19 тірек елді мекенде 32 жоба жүзеге асырылуда. Бұл мақсат үшін 5 млрд. теңге қарастырылған. 4 жоба аяқталып, 7-уі бітуге жақын. Нәтижесінде 73 мыңнан астам адамның өмір сүру сапасы жақсарады. Саумалкөлде мектеп, емхана қалпына келтіріліп, жолдар жөнделген. Талшықта денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерген. Бескөлде бір шақырымнан астам жылу желісі қосылған. Барлығы 735 елді мекен бар болса, олардың жартысынан астамының даму әлеуеті жоғары. Тұрғындардың әлеуметтік, өмір сүру сапасын нығайту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдар тарту бағытында сан-салалы жұмыстар атқарылуда.
2017 жылдан бері іске қосылған «Еңбек» бағдарламасының «Бастау» жобасы арқылы 6712 солтүстікқазақстандық кәсіпкерлік курсынан өткен. Биыл 577 адам қайтарымсыз грант иеленген. «Даму» қоры шеңберінде 139 жобаға қолдау көрсетілген. 107 кәсіпкер субсидия алған.