– Анас Ахатұлы, Қызылжар өңіріне жұмыс сапары барысынан нендей ой түйдіңіз, қандай қорытынды жасадыңыз?
– Бұл – қасиетті Мағжан еліне бірінші келуім емес. Мұның алдында бірнеше рет жолым түскен болатын. Осы сапарда ауылдарды дамыту бағдарламасы аясында сайлаушылармен жүздесіп, жергілікті жерлердегі жақсы тәжірибелермен қоса проблемалық жайттармен де кеңінен таныстым. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Қазақстан-Қытай бірлескен зертханасының жем сапасын талдау, астық майлылығын, ақуызын анықтау, суыққа төзімді сұрыптарды өсіру қызметі өте қызықтырды.
– Жұртшылық өзіңіз сияқты Парламент Мәжілісі депутаттары мен республикалық саяси ұйым өкілдерінің жыл құрғатпай келіп кетуінен, құрғақ уәделерінен шаршаған сыңайлы. Бұл сапарларыңыз халықты жай ғана алдарқату емес пе?
– «Ауыл» партиясының саяси сахнада жүргеніне ширек ғасырға жуықтады. 2023 жылы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауында халық бізге үлкен сенім артты. Мәжілістен – 8, мәслихаттардан 228 мандат иеленіп, парламенттік партияға айналдық. Осы бір цифрдан-ақ саяси ұйымның белсенділігінің қандай деңгейде екенін бағамдауға болады. Бұдан бөлек, үш аудан, 39 ауыл әкімі – партияның мүшесі. Облыстық мәслихаттың бір депутаты ауылда мектеп, тағы бір депутат Мәдениет үйін салдыру үшін құрылыстың бас жоспарға енгізілуіне, оқушыларға арналған «ГАЗель» шағын автобустарының сатып алынуына ықпал етті. Мәжілістегі «Ауыл» партиясы» фракциясы депутаттарының дақылдардың өнімділігін арттыру және әртараптандыру, топырақ құнарлылығын сақтау және жақсарту, ауыл шаруашылығы жерлерін ұтымды пайдалануға бақылауды күшейту мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстары қолдау тапты. Осыдан-ақ біздің өңір-өңірлерге жасаған сапарымызды нәтижелі деп айтуға әбден болады.
– Елді мекендердің даму көрсеткіштерін болашағы бұлыңғыр, орташа және жақсы деген санаттарға бөліп тастау қаншалықты қисынды?
– Мемлекетіміздің тірегі – ауыл. 2004-2010 жылдары ауылдарды дамытуға арналған тұжырымдама қабылданды. Соның аясында әр ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жайлы толыққанды ақпарат жинақталды. Бірақ жұмыс аяғына дейін жеткізілмегендіктен, қаржының бір жерге көп, екінші жерде аз бөлінетіні біліне бастады. Сосын аймақтық стандарттар жүйесі енгізілді. Ол әлеуметтік нысандар мен инженерлік желілердің ортақ жиынтығына негізделеді. Егер осы көрсеткіш бір өңірде 60-70 пайызға бағаланса, қаражат артта қалған өңірге бағытталады. Бізге қазір артқа емес, алға ұмтылу керек. «Ауыл» партиясы «Ауыл аманаты» бағдарламасын ауылдық кооперацияны дамытудың мемлекеттік жобасына айналдыру жөнінде ұсыныс дайындады. Сонда кооперативтер ауылды табысты дамытудың әлеуметтік, экономикалық және саяси негізі болары анық. Өкінішке қарай, елде ірі шаруашылықтар субсидия алсын, соларға жағдай жасалсын деген пиғыл әлі де басым. Нәтижесінде ат төбеліндей ғана агроқұрылымдар дамып, шағын серіктестіктер «аспаннан киіз жауғанмен, кедейге ұлтарақ та бұйырмайдының» кебін киюде. Ауылдың артықшылығы – ауыл шаруашылығында. Елімізде оған қажет ресурстың бәрі бар. Тек тиісінше құйылатын инвестиция мардымсыз. Ол көбіне басқа салаларға тартылады. Экономикалық жағынан салыстырсақ, ауыл мен қала арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Қалада тұтынушы көп, кәсіп ашу жеңіл. Қазақстандағы әр адам басына шаққандағы бюджеттік шығынды есептесек, ауыл тұрғынына қарағанда қалалыққа 20 есе артық қаржы жұмсалады. Бұл алшақтық азаюы тиіс. Қолда бар капиталдың басым бөлігін ауыл шаруашылығына бұрып, ауыл индустриясын көтеруіміз керек. Ата кәсібіміз мал шаруашылығын да, өсімдік шаруашылығын да өркендетуге мүмкіндік жеткілікті. «Ауыл» партиясы осы мәселелерді Парламент арқылы көтеріп, тиісті заң жобаларын қарастыруда. Меніңше, ірі шаруашылықтарға барынша мүмкіндік беріп қойған Үкімет пен министрліктердің қателігі түзетілмейінше шағын қожалықтардың жағдайының жақсара қоюы неғайбыл.
– Азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң жобасы талқыланғанда «Баға саясаты фермерлердің емес, алыпсатарлардың қолында», – деп мәлімдедіңіз. Оған нақты дәлелеңіз бар ма?
– Экономиканың өсу қарқынын талдағанда аграрлық сала ең төменгі көрсеткішке ие екені бірден аңғарылады. 2005 жылдан бері ауыл шаруашылығы шеңберінде қабылданған бірде-бір мемлекеттік бағдарлама соңына дейін жүзеге аспаған. Соңғы 20 жылда субсидия беру ережелері 57 рет өзгерген. Салдарынан ауыл шаруашылығы сыбайлас жемқорлық қатері жоғары салалардың қатарына енген. Соңғы 10 жылда дүкен сөрелеріндегі импорттық тауарлар үлесі 3 есе өскен. Қайта өңдеу кәсіпорындарының нақты өндіріс қуаты 30 пайыздан асқан емес. Шаруаларға қарағанда делдалдардың пайдасы 4 есе артық, олар ауыл адамдарының несібесін ауыздарынан жырып алып жүр. Осындай келеңсіздіктерден кейін адамдар ауыл шаруашылығымен айналысуға құлықсыз.
– Елімізде тері мен жүн шикізатын дайындау базасы жоқ. Неге?
– Қазір сыртқы нарықта жүн мен теріден, былғарыдан жасалатын бұйымдарға сұраныс азайып барады. Аяқкиім, киім көбіне жасанды теріден немесе матадан тігіледі. Үкімет жүн мен терінің далаға тасталмауын қадағалап, мал өнімдерін өңдеумен айналысатын кәсіпорындарды қолдап, ынталандырып отыруы шарт. Малды асылдандыру ісін ұмыттық. Биязы жүн беретін меринос қой тұқымы мүлдем азайып кетті. Қазір тықыр жүнді, етті бағыттағы Шопан ата түлігін өсіруге бейімделіп барамыз. Елімізде жүн мен теріні өңдейтін кәсіпорын жоқ емес, бірен-саран болса да бар. Бірақ олар отандық мал өнімдерін қабылдамайды. Себебі сапа төмен. Сосын халық өтпейтін жүн мен теріні ауыл сыртына апарып тастайды. Одан келетін экологиялық зардапты ешкім ойлап жатқан жоқ. Бізге жүн мен теріні өртейтін биоқондырғылар қажет.
– Халық қалаулылары Үкімет мүшелеріне депутаттық сауал жолдауды бәсекеге айналдырып жіберген сияқты. Сіздердікі бос даурығу емес пе?
– Біздің негізгі жұмысымыз – заң шығару. Бұл ретте әр депутат белсенді. Ал жолданып жатқан депутаттық сауал жауаптарына менің де көңілім толмайды.
– Үкімет жұмысын үшке бағалағаныңыз содан шығар?
– Премьер-министр былтыр он күн ішінде бюджет шығындарын оңтайландыру үшін нақты шаралар қабылдаймын деп уәде еткен. Бірақ орындалмады. Бұл мәселені оның алдында да қозғағанмын. Бір ғана «памперс» жайын алайық. Қазақстанға бұл өнімді жеткізумен бір компания айналысады. Оған 8 млрд. теңге мөлшерінде қаражат жұмсалады. Баға қолдан көтерілген жоқ па? Басқа да министрліктерді тексерсе, қыруар қаржыны үнемдеуге болар еді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс ақсап тұр.
– Көпшілік сіздің «тілі ұзын» әйелдерге шүйліккеніңізді әлі ұмыта қойған жоқ. Бұл әрекетіңізді кейбіреулер арзан бедел, хайп жинау ретінде қабылдады. Шынында солай ма?
– Бұл – әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын таныстыру кезінде орын алған оқиға ғой. Ойымда ешқандай арамдық болған жоқ. Жанжалдың шығуына әйелдің тікелей себепкер болғанын жеткізгім келді. Иә, әйелге намыссыз еркектер ғана қол көтереді. Ер-азаматтарды жақтамаймын, алайда ұрыс-керістің орын алу-алмауы – көп жағдайда әйелдің қолында. Барлық дау-дамай ұрып-соғу мен төбелестен туындамайтынын, әйелдің тілінің себеп болатынын жете ескере бермейміз. Мұндай фактілер аз емес. Бабаларымыз «жақсы әйел – ырыс, жаман әйел – ұрыс», «Ерге жақсы әйел – елге де жақсы» деп текке айтпаған. Өкініштісі, осындай қазақы тәрбиеден алшақтап барамыз. Қыздарымызды бесіктен бастап тәрбиелесек, мұндай оспадар қылықтар орын алмас еді.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Soltustik Qazaqstan».