«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛ ТАРИХЫН АЙШЫҚТАҒАН

Кезінде Уәлиханов ауданының құрамында болған Күрлеуіт ауылының бүгінде жұрты ғана қалған. 2010 жылы ресми түрде елді мекендер тізімінен шығарылып, ауылдың соңғы тұрғындары 2012 жылы өзге аудандар мен қалаларға амалсыздан көшіп кетті. Ауыл жоқ болса да, сол елді мекенде дүниеге келген, жүрегі «туған жер» деп соққан адамдар бар. Сол жанашыр жандардың қолдауымен жуырда Алматы қаласындағы баспалардың бірінен «Күрлеуіт ауылы» атты естеліктер кітабы жарық көрді.

Биыл маусым айында Уәлиханов ауданына қарасты Қаратерек ауылдық округі өзінің 90 жылдық мерейтойын атап өтеді. Соған орайлас Қаратеректің бұрынғы бригадасы болған Күрлеуіт ауылының адамдары да туып-өскен жерінде бас қосып, бір-бірімен қауышып, зиратта жатқан ата- аналары мен туыстарына дұға жасап, ауыл топырағында көптен болмаған жиын өткізбекші. Ауыл орнында өткелі отырған басқосу шарасына дайындық барысында жазылып, басылып шыққан кітаптың шығарушылары осы елді мекеннің түлектері: Әсия Біржанқызы, Серікбай Құдайбергенұлы, Қисмат Төлеубайұлы, Бибігүл Төлегенқызы. Кітаптың жарыққа шығуына Күрлеуіт ауылында дүниеге келген іскер азаматтардың бірі Сабыржан Құрманбаев демеушілік көрсетті.

Ауылының ел картасынан жойылып кеткеніне куә болған, көкірегіне жазылмас шер байланған Күрлеуіт тұрғындары жылдан-жылға жағдайы нашарлап, адам саны азайып бара жатқан Қаратерек ауылының жағдайына да қатты алаңдаулы. Алтын астық өсіретін қара топырақты алқапта орналасқан елді мекен өзінің бұрынғы бөлімшелері Малқара, Күрлеуіт ауылдарының тағдырын қайталамауына, солар сияқты жұрты ғана қалып, тарап кетпеуіне мүдделі. Тамыры бір, тағдыры ұқсас, аралас-құралас өмір сүрген ағайындас ауылдың ғұмырлы болуына, қайта ес жиып, күш алып, жұмыс орындарын көбейтудің, халық санын арттырудың жолын тауып нығая түсуіне тілектеспіз. Қаратеректіктерді алаңдатқан басты проблема – жол. Жол оңалмай, ел оңалмайды. Биылғы жылы осы істі қолға алып, бетоннан жол салып береміз деп сөз берген аудан, облыс басшылары уәдесін жұтпай, шағын ауылдың таудай мәселесін шешіп береді деген үміттеміз.

Өкініштісі сол, Уәлиханов ауданында іргесі сөгіліп, тарап кеткен ауыл аз емес. Солардың бірі – кезінде құстың ұясындай жылылық ескен Күрлеуіт ауылы. Өтпелі кезеңнің өкпек желі шамырқанта соғып, осы елді мекендегі талай үйдің шаңырағын шайқады. Біз «Күрлеуіт ауылы» деп аталатын кітапты жайдан-жай шығарып отырған жоқпыз. Кітапты шығарушылар өздерінің осы игі іске жұмылуының себебін былай баяндайды: «Жүздеген жылдар ауылымызда өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеген ата-бабамыздың мекені қаңырап қалса да, тым болмаса есімдерін есте қалдырайық деген ниетіміз үдесінен шықты. Болашақ ұрпағымыз өздерінің қай елден, қай тектен шыққанын, ата-бабасының кім екенін біліп жүретіндей, тексіз, рухсыз атанбайтындай бір еңбек жазып қалдырдық. Тегін білген адам елжанды, ұлтжанды, рухы мықты, иманды азамат болып қалыптасады. Ата-бабасы мен әке- шешесі жөнінде дұрыс пікір орнығып, көңілінде мақтаныш сезімі ұялайды. Дәл қазір жастар айтқан ақылыңды жүре тыңдауы мүмкін, бірақ есейіп, есі кірген кезде әке-шешесінің, ата- әжесінің айтқаны жан дүниесіне жаңғырық болып оралар. Баланың санасына бүгін егілген парасаттылық дәні уақыт өте жемісін берері сөзсіз. Сол кезде солақай саясаттың салдарынан жойылып кеткен Күрлеуітіміздің қайта өркендеуі, қайта жандануы да мүмкін. Жоқ, олай болмайды деп кесіп айта алмаймыз. Елу жылда ел жаңа, қазан аузы жоғары, үміт үзілмейді…».

Иә, жуырда ауыл тұрғындарының әрқайсысының қолына тиетін шағын ғана кітапта біздің барлық үмітіміз жасырынып жатқандай.

Әсия ОРЫНБАЕВА,

жазушы.

Алматы қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp