Оқушылар сарайының алдында отандық өндірістің 8 жылжымалы медициналық кешенінің таныстырылымы өтті. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов халыққа көрсетілетін көмек сапасын арттыруға және шалғай елді мекендерде қызметтер спектрін кеңейтуге мүмкіндік беретін заманауи техникалардың мүмкіндігімен танысты.
Медициналық кешендер Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында жасалған. Отандық автокөлік негізінде құрыстырылған мобильді орталықтар көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын тексеруге арналған. Мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жеке кіру есігі мен арнайы лифт-пандус бар. Кешенде гинекологиялық тексеру, рентген және флюорография бөлімі, жалпы қабылдау, жалпы практика дәрігері кабинеті, зертханалық диагностика бөлімшесі орналасқан. Сонымен қатар, мобильді медициналық орталықтағы арнайы қорғасынмен қапталған бөлмеде рентген және флюорографияны қауіпсіз жасауға болады. Осының барлығы ауыл тұрғындарының созылмалы инфекциялық емес ауруларын ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Көліктердің барлығы заманауи құралдармен жабдықталған. Кешен шудан, дымқылдан толық оқшауландырылып, жеке дезинфекция құралдармен, яғни электрсорғылы қол жуғышпен, қолды дезинфекциялауға арналған диспенсермен қамтылған. Жаңа медициналық кешендер ақ халаттылардың науқастарға медициналық көмек көрсету жұмысын жақсарта түседі деп күтілуде. Себебі, дәрігерлердің аудан орталығынан 100 шақырымнан астам қашықтықта орын тепкен ауылдарға жедел жету мүмкіндігіне ие болмақ.
Мақаланың толық нұсқасымен газетіміздің келесі санынан танысасыздар.